Су тасқынына дайындық: Автожолдардың 500-ге жуық қауіпті учаскесі бақылауға алынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Автомобиль жолдарының су басу қаупі бар 500-ге жуық учаскесі бақылауға алынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарда ағымдағы жылғы Су тасқыны кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілді және Су тасқынына қарсы комиссияның жұмысы ұйымдастырылды. Жалпы, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 284 автожол көпірі, 14 686 су өткізу құбыры бар.

«Қазіргі уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет ұйымдастырылды және автомобиль жолдарына күзет қойылып, ұзақтығы 316 шақырымдық 476 қауіпті учаске, 942 құбыр және 101 көпір бақылауға алынды. Бекітілген жоспарға сәйкес, су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақтылы ұйымдастыру үшін құм, қиыршық тас, цемент, су өткізу құбырлары, ыдыс-қаптар, жанар-жағармай сынды құрылыс материалдары мен конструкциялар, өзге де техникалар дайындалды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің атап өтуінше, іс-шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайы, сондай-ақ 2017 жылғы көктемдегі мұз еру және су тасқыны кезеңіндегі оқиғалар ескерілді. Есте болса, өткен жылы су тасқыны салдарынан Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында автомобиль жолдары учаскелерінің және көпірлердің қирауы мен зақымдануы орын алған еді.

Соңғы жаңалықтар