Су тасқынымен күреске миллиардтаған қаржы емес, дұрыс бағдарлама қажет - Үкімет басшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңір әкімдерін көктемгі су тасқыны қауіпіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімдердің бірде-бірі Ішкі істер министрінің баяндамасына назар аудармады. Ол өз баяндамасында қандай облыстарда не жасалмай жатқанын айтты. Ал әкімдер болса, бәрін жақсы жасап жатырмыз дейді. Жасап жатқандарыңыз жақсы, қолдаймыз. Ал көптеген дүниеге әлі күнге дейін неге жасалмады? Сондықтан Қалмұханбет Қасымов (Ішкі істер министрі) Асқар Маминмен (Үкімет басшысының бірінші орынбасары) иесіз гидротехникалық құрылғыларды үнемі бақылауда ұстаңыз. Өткен жылғыдай кінәліні іздеп жүрмейік, қорытындысында мәліметтерді дұрыс бермейтін «Қазгидромет» кінәлі болып шығады. Дөрекі айтар болса, өздеріңіздің қапы қалғандарыңызға ешқайсыңыз назар аудармадыңыздар және жауапкершілік те алмадыңыздар», - деді Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларына қарата.

Ішкі істер министр Қалмұханбет Қасымовтың дерегінше, Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылғыларда ғана жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған.

«Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзеннің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады», - деді ол.

Су тасқынына дайындық мәселелерін қорытындылаған Үкімет басшысы жыл сайын оның салдарын жоюға миллиардтаған қаржы жұмсағаннан гөрі дұрыс бағдарлама қабылдау қажеттігін баса айтты.

«Өткен жылы резервтен 5,8 млрд теңге бөлдік. Ақмола облысының әкімдігі бір шағын аудан салып тастауға 2,3 млрд теңгенің жететіндігін айтып отыр. Ал биыл Қызылорда 2 млрд теңгеден астам қаржы сұрайды. Әрине, Құдай сақтасын, бірдеңе болып қалса сұрайтындар табылады. Меніңше, бұл ақшаны тиімсіз жұмсау», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар