Су тасқыны мәселесін біржола шешуге бола ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет жылда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтап, әкімдіктерге тапсырма беріп жатады. Бұл жыл сайын қайталанатын дәстүрге айналған секілді. Әрине, апат айтып келмейтіні бар. Дегенмен, «сақтансаң сақтайды» деген бар емес пе?

Шындығында, жергілікті атқамінерлер Үкімет басшысы жүктеген тапсырмаларға салғырт қарамай ма, жоқ, әлде табиғаттың алапат күші ме, жыл сайын ауыл халқы судың тасқынынан жапа шегіп, қоймалар да, көпірлер де, автомобиль жолдары да бұзылады. Содан бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Келесі жылы осы жағдай тағы қайталанады. Үкіметтің өзі де одан шаршаған сияқты. Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев аталған мәселені біржола шешудің жолын ұсынды. Өз атынан ғана емес, Премьер халықтың ұсынысын жеткізді.

«Су тасқынына қарсы шараларға жылда қазынадан қаражат бөлеміз. Бұрын «ақша құмға кетіп жатыр» десек, қазір «суға кетіп жатыр» деп айтатын болдық... Жақында мен тұрғындардың үндеуін оқыдым. Халық біздің салып жатқан дамбаларымызға, топырақ үйіп жатқанымызға сенуден қалып барады. Бәрібір су шайып кетеді дейді. Сонда адамдар «бізге дамбаларды салмай-ақ қойыңыз, одан да басқа жерге үй салып беріңіз» деген ұсыныс жасап жатыр. Миллиардап ақша жұмсағанша бір рет қауіпсіз аймақтағы жаңа жерге үй салып берген тиімді ғой», - дейді Бақытжан Сағынтаев. Жергілікті әкімдіктер бұған қалай қарайды?

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Атбасар мәселесін тура солай шешуге болады деп отыр. Аймақ басшысы есеп-қисабын да жасап қойған екен. Оның айтуынша, 9 шақырымға созылатын өндірістік дамбаны салуға, кем дегенде 10 млрд теңге кетеді. Ал қауіпті жерде отырған 530 отбасы үшін басқа жерде үй салып бергенге 3-5 млрд теңгедей қаражат қажет. Осылайша, шығынды үш есеге қысқартуға мүмкіндік бар. «Шыны керек, жаңа шағын ауданды салып, су тасқыны мәселесін толығымен жауып тастауға болады», - деп атап көрсетті Мәлік Мырзалин.

 Сонымен Ақмола облысы су тасқынының зардабын азайтудың бір жолын өздері тауып отыр. Алайда Ақмола облысынан кейін аталған мәселені ешкім қозғаған жоқ. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қана халықты қауіпсіз жерге толығымен көшіру қажеттігін, ондай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Облыста атқарылған жұмыстар да жоқ емес. Бүгінге дейін 110 отбасы басқа жерден үй алды. Олардың ішінде жер алғандар да, пәтерге кіргендер де бар. «Енді, 360 отбасы қалды. «Нұрлы жер» бола ма, сол бағдарлама бойынша ақша бөлінсе, оларды да көшіруге болады. Сонда келешекте су тасқынына қатысты ешқандай мәселе туындамайтын еді. Біздің өтінішіміз, осы бастамамызды қолдасаңыздар», - деді Бердібек Сапарбаев. Әрине, аталған бастаманы қолдау үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізу керек. Мәселен, қауіпті жерлерде тұратын азаматтарға кезексіз жер учаскесін беруге, я болмаса, тұрғын үй жинақ жүйесі мен ипотека жағынан жеңілдік жасауға болады. Арнайы қаржы бөлуге де болатын еді. Алайда бұның барлығына біраз уақыт кететін тәрізді. Содан болар, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс басшысының өтінішін әзірше жауапсыз қалдырды.

Негізі, бүгінде су тасқынын алдын алу шараларына да бюджеттен қыруар қаражат бөлінетіні белгілі. Дайындыққа берілетін ақшаның өзіне бірнеше жаңа ауылды тұрғызуға болатынын әкімдердің өздері айтып отыр. Халықты эвакуациялау, жанар-жағар май, төбе-төбе құм қаптары, жарылғыш заттар, тамақ және тағы басқа  шығындарды қосқанда біраз қаражат шығады екен. Мәселен, биылдың өзінде жергілікті жерлерде төтенше жағдайлар үшін 24,7 млрд теңге қарастырылған. Мәлік Мырзалиннің есебіне салсақ, ол ақшаға 5 бірдей шағын ауданды салып шығуға болады. Былтыр су тасқынынан келген зардапты жоюға 12,5 млрд теңге жұмсалды. Демек, екі не үш жаңа ауылдың ақшасы «суға кетті».

Айтпақшы биыл жылдағыға қарағанда солтүстік өңірде қар аз түсті. Дегенмен, жер бір жарым метрге дейін қатып тұр. Ал ауа райы күрт жылынып кетсе, еріген қардың суы жерге сіңбей, жан-жаққа жайылып кетуі әбден мүмкін. Алда әлі борандар бар. Сондықтан қардың көлемі көбейеді. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың сөзіне сенсек, Сырдария өзенінде мұз кептелсе, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында су жайылуы ықтимал. Бұдан бөлек, Ақмола, Қарағанды, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында өзендердің тасу қаупі бар.

Осы орайда жергілікті биліктің жауапсыздығын да айтпаса болмайды. Себебі су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суды өткізуге дайын емес. Ал Су кодексіне сәйкес, елді мекендерде су тасқынына қатысты ескерту шаралары атқарылуы шарт. Алайда жергілікті жерде ондай шаралар жүргізілмейді. Мәселен, Ақтөбе облысының гидротехникалық нысандарында ескерту шараларына қатысты жоспарлар мүлдем жасалған жоқ. Ақмола облысында тек республикалық нысандарда ғана қорғаныс шаралары жүргізілді. Ал жекеменшік және коммуналдық нысандарда ондай жоспарлар атымен жоқ. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында тиісті жұмыстар атқарылмай келеді. «Қарағанды облысында Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жиналған судың көлемі қазірдің өзінде өткен жылдың көрсеткішінен жоғары болып тұр. Ауа-райы күрт жылынып, қар ери бастаса, суды апаттық режимде түсіруге тура келеді. Ондайда төменде отырған 44 елді мекенді су басуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек, даладан келетін қардың суы тағы бар. Соңғы үш жылдың ішінде 57 ауылды еріген қардың суы басты. Қазіргі кезде Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 160 елді мекенге еріген қардың қаупі төніп тұр», - дейді Қасымов мырза.

Түйіндей айтсақ, бізде су тасқынына қарсы шаралар үшін де қыруар қаражат бөлінеді. Ал солай бола тұра ондай шаралар тиісті деңгейде атқарылмайды. Ендеше көктемгі су тасқынына қарсы шаралардың дұрыс атқарылмағаны кімге керек? Кім үшін тиімді? Осы орайда былтыр парамен ұсталған Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов еске түседі. Ол өз орынбасарымен бірге су тасқынына қарсы бөлінген бюджет ақшасын жымқырудың оңай жолын тапқан болатын. Жолды жөндеу, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, дамбаны күшейту және тағы басқа шараларға қарастырылған қыруар ақша нақты бір компанияларға берілді. Олар сол ақшаның бір бөлігін аудан әкімінің «командасына» жеткізіп отырған екен. Демек, жергілікті жерде көктемгі су тасқынына қарсы шаралар дұрыс атқарылмаса, алдымен әкімдердің репутациясына көлеңке түседі.

Әрине, әрбір аймақта қауіпті жерде тұратын халықты біржола жаңа жерге көшіріп, жаңадан үй салып берсе, құба-құп. Бюджет ақшасы да үнемделеді. Үкіметтің жыл сайынғы бас ауруы да азаяды. Дегенмен, бұл жерде бір маңызды мәселе бар сияқты. Бүгінде жер үйде тұратын кейбір отбасыларды көпқабатты үйлерге қоныстандырып жатады. Ауылдың халқы ондайға келіспейді. Себебі ауылдың халқы жаңа жерде де мал ұстағысы келеді, шаруашылық жасағысы келеді. Халықтың осы бір талабы ескерілгені дұрыс...    

Соңғы жаңалықтар