Су тасқыны қаупі: БҚО әкімі тұрғындардан өз аулаларын тазартуды сұрады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында қала мен ауылдық елді мекендерде қар тазалау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі қар көп түскен аумақтың бірі - Тасқала ауданында болып, көктемгі су тасқынына байланысты атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Өңір басшысының айтуынша, биыл облыста су тасқынынан келер қауіп бар. Өйткені тоң өткен жылғыдан екі есе қалың. Өткен жылы тоңның қалыңдығы 50-60 сантиметр болса, биыл кей жерлерде 130 сантиметрге дейін жетеді. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін барлық күш жұмылдырылуда. Әсіресе, қары көп Тасқала, Теректі, Зеленов, Ақжайық аудандары мен Орал қаласында бұған ерекше мән берілуде. Өзендерде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен арнайы аппаратпен мұзды кесу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс Оралда аяқталды, енді аудандарда жалғасуда.
null  

«Биыл қар ақпанның соңы мен наурыз айының алғашқы күндерінде көп жауды. Нормадан артық болып отыр. Сол себепті әр қала, елді мекенде қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Мекемелер өз алдына, тұрғындар өз ауласын тазаласа, дұрыс болар еді. Сонымен қатар су жүретін арналар тазартылуда. Қалада коммуналдық мекемелер, ауылдарда шаруа қожалықтары өз техникаларын бөлуде. Бұл жұмысты Наурыз мерекесіне дейін тиянақтап тастасақ дейміз. Себебі алда тағы да қар жауады, күн жауын-шашынды болады деген болжам бар», - деді Алтай Көлгінов.
null 

Айта кетейік, бүгін БҚО жастарының бастамасымен өңірде «Жәрдем» көпшілік қар тазалау шарасы басталды. Шара мақсаты - жастар арасынан еріктілерді тарту арқылы жеке аулалардан қар шығаруда жалғыз басты қарияларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмектесу және қала көшелеріндегі су ағатын басты арықтарды қардан тазалау жұмыстарын жүргізу. Бұған жастармен қатар жеке кәсіпкерлер, әр сала қызметкерлері және тұрғындар өз үлестерін қосуда.  
null 

Сондай-ақ облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, бүгінде өзендегі мұзды ою жұмыстары кептелістер болуы мүмкін 14 аймақта жүргізілуде. Бұлар қала маңындағы Деркөл өзеніндегі - 7,  Шаған өзеніндегі - 3, Чапай ауылы Жайық өзеніндегі 2 учаске. Сонымен қатар Деркөл өзеніндегі мұзды бұрғылау жұмыстары Тасқала ауданы орталығында және Зеленов ауданының Зеленое ауылында жүргізілуде.
null 

БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының басшысы Асқар Килишевтің айтуынша,  су тасқыны кезінде пайдаланылатын барлық техника мен жабдықтар тексерілген және жұмысқа дайын. «Орал құтқарушыларының арсеналында мұзкескіш құрылғы, моторлы мұз бұрғылар, қолмен әрекет ететін бұрғылар, мотопомпылар, жүзу құралдары, суда құтқару жабдықтары, жоғары өтімді техникалар, зардап шекендерді жылыту және оларға алғашқы көмек көрсету орындарын дайындауға арналған шатырлар, пневмокаркасты модульдер, жылытқыштар бар», - делінген таратылған хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар