Су тасқыны қаупі әлі де сақталуда - Ерлан Қошанов

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Самарқанд су қоймасында болып, су тасқынына қарсы шаралар дайындығы қалай өтіп жатқанымен танысты, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Әкімге «Казводхоз» РМК Қарағанды филиалының директоры Дүйсембай Әбжанов мәлімдегендей, барлық су қоймалары мен суаттардағы жағдай бақылауда.

- Қазір Самарқанд су қоймасында біз секундына 33 текше метр су жіберіп жатырмыз. 21 наурызға дейін біздің болжам бойынша 170 млн текше метр су болуы тиіс, - дейді Дүйсембай Әбжанов. - Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 180 млн текше метрден сәл асып отыр. Бұл көп емес, 4 күнде 9 млн жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Су көлемі көтеріле бастағанда, үлкен қақпаны ашамыз. Су қоймасында 4 қақпа пайдаланылады, су деңгейі автоматты түрде арнайы құрылғының көмегімен анықталады.
null 

Самарқанд су қоймасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар ағымдағы жылы да жалғасады. Жөндеуге жұмсалатын жалпы сома - 200 млн теңгеден асады.

- Жалпы, қазіргі уақытта гидрологиялық болжам жақсы. Ол 2018 жылдың 1 наурызындағы ылғал қорын бақылау және өлшеу мәліметтеріне сүйене отырып құрылған. Маусымдық гидрологиялық болжам статистикалық болжам әдісі негізіне сүйене отырып құрылады, демек дәлсіздіктер болуы мүмкін, - деді «Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Роман Андриянов.
null 

Ол қазіргі таңда түнгі температура нөлден төмен түсіп, күндіз жылитынын атап өтті. «Ол дегеніміз жақсы, қар біртіндеп ериді».

- Біз ылғал қорын нормадан аз болады деп күткенімізбен, барлық қалалар мен аудандар көктемгі су тасқынына дайындалуда. Барлық жерлерде қар шығарылып, су өткізу құбырлары тазалануда. Ағадырда облысымыздың басқа аймақтарынан ертерек су келуі мүмкін. Сондықтан қазір біз қосымша түрде суды бұрып жіберу үшін тағы бір траншея қазып жатырмыз, сондай-ақ қорғаныс үйіндісі жасалды. Көктемгі су тасқынының зардапсыз өтуіне тырысатын боламыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа.
null 

Қарағанды облысының ТЖ департаментінің басшысы Ыбрахим Күлшімбаевтың айтуынша, наурыздың 5-інен бастап ТЖ барлық қызметтері жоғары дайындық режіміне көшкен, жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Елді мекендерде ТЖ бөлімшелерінің қызметкерлері аудан әкімдігінің өкілдерімен бірігіп, рейдтер өткізуде.

- Су тасқыны қаупі әлі де сақталуда, сондықтан барлық қызметтерге барынша дайын болу керек, - деп қорытындылады Қарағанды облысының әкімі. - Біз барлық дерлік жерлерде қорғаныс үйінділерін жасадық, су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерде біз дайындалып отырмыз. Алайда көктемгі су тасқынын болжай алмаймыз, су біз ойламаған елді мекендерде кетуі мүмкін. Оның барлығын ескеру қажет. Барлық учаскелік полицейлерге өзен арналары қалай тазаланып және қар шығару жұмыстары қалай атқарылып жатқанын тексеру тапсырылды. Егер ертең бір жайттар болып, елді мекендерді су басып жатса, барлығын жазалаймыз, тіпті шығындарды өздеріне өтетуге дейін барамыз, - деді Ерлан Қошанов.

Фото: karaganda-region.gov.kz

Соңғы жаңалықтар