«Стратегия-2025» жоспарында экономикалық негіздер қамтылған - Олжас Құдайбергенов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында айтарлықтай экономикалық негіздер қамтылған. Бұндай пікірді Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов білдірді. Еске сала кетейік, бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарына арналған ашық пікірталас өткен болатын. Жиынға Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те қатысқан еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл Стратегияда мен үш негізгі мәселеге көңіл аударғым келеді. Бірінші - бұл барлық процестер мен салаларға ауқымды цифрландыру ене бастайды. Бұның өзі шешім қабылдауларға кететін уақытты барынша үнемдеп, еңбек өнімділігін арттырады. Екінші - құжатта айтарлықтай экономикалық негіз қамтылған, оның үлесі бойынша бюджеттің ЖІӨ 18-ден 25 процентке өседі. Ал ұлттық валютадағы кредиттеу 18-ден 50% жетеді. Бұған дейінгі құжаттарда дәл осындай көрсеткіш болмаған. Үшінші - құжатта өңірлерді теңдестіруді қарастыратын бөлім бар. Бұл да аса маңызды», - деді О. Құдайбергенов.

Сарапшының пікірінше, Стратегиялық жоспар жобасы негізінен жүзеге асыруға дайын. Яғни, Үкімет бекіткен жағдайда оны бірден іске асыруға кірісу маңызды. 

«Менің білуімше, стратегия жобасы маусым айынан бастап қолға алынды, ай сайын онда өзгерістер енгізіліп отырғанын көзбен көрдім. Соның ішінде реформалар мен бастамалар бөлімінде ерекше талқылаулар өрбіді. Бүгін міне, соңғы нәтижесімен танысып отырмыз. Ертең құжат Үкіметтің қарауына ұсынылады. Онда сәл-пәл өзгерістер енгізілуі мүмкін, ал жалпылама алғанда құжат түрлі сүзгілерден өтті, сарапшылар, шетелдік ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында ішкі талқылаулар жасалды», - деп атап өтті О. Құдайбергенов.

Еске сала кетейік, бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында сарапшылармен ашық диалог өткізген ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын» таныстырған болатын .

 

Соңғы жаңалықтар