«Star of Asia» фестивалінің алғашқы күні қазақстандық әншілер өнер көрсетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Star of Asia» фестивалінің алғашқы күні қазақстандық әншілер өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Алматыда 19 - 20 тамыз аралығында ерекше форматтағы «Star of Asia» халықаралық музыка фестивалі өтеді. Бүгін аталған фестивальдің алғашқы күні қазақстандық эстрада жұлдыздары ән шырқады. Фестивальдің ашылу салтанатында ауқымды «ИНТРО Star of Asia Almaty» қойылымы қойылды. Онда артистер музыкалық шерумен жүріп өтіп, әрқайсысы өз жанры мен музыкалық бағытын таныстырды.



Әр жұлдызды керуен ірі мегаполистің түрлі салаларын сипаттай түседі. Атап айтқанда денсаулық, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала т.б. Фестивальдің ашылу салтанатында орындалған әндердің дерлік барлығы ару қала Алматыға арналды. Олар, «Дос Мұқасан» - «Алматы түні», Әли Оқапов - «Алматы - любимый город», Ерболат Құдайберген - «Алматинское лето», Зарина Алтынбаева мен Төлеген Рахымбаев - «Гүл Алматы», Ардақ Балажанова мен Дастан Оразбеков - «Алматы өлке», Қайрат Нұртас -«Алматының түндері-ай» және т.б.

Концерттік бағдарламада пиротехникалық және лазерлік қондырғылар, жарықдиодты құрылымдар мен экрандар, қара көлеңкелі ЛЭД-алаулар мен қозғалмалы сахна болады. Сахнаға көтерілген әртістерге жарықдиодты костюмдер киген велошабандоздар ере шықты. Сахнада ретромобильдер, спорттық мотоциклдер, автомобильдер, әуе гимнасттары мен каскадерлер, цирк әртістері, черлидерлер, скейтбордшылар мен брейк-бишілері, балет артистері мен симфониялық оркестр де болды.

Жүргізушілер музыкалық шоу 118 елде тікелей эфир арқылы трансляцияланғанын жеткізді. Байқаудың жалғасы ертең болмақ. Онда шетелдің танымал өнер жұлдыздары ән салады.

Соңғы жаңалықтар