Спорттағы Тәуелсіздік құрдастары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған жылы елімізде 353 174 бала дүниеге келген екен. Қарап тұрсақ, қазір осы 353 174 бала 353 174 тұлғаға, 25 жастағы қыз-жігіттерге, әке-аналарға, мың түрлі мамандық иесіне, жалпы айтсақ, жалындай жарқыраған жігерлі азаматтарға айналды емес пе!? Солардың арасынан спортта жұлдызы жанып, 25 жасында Қазақстанның даңқын асқақтатып жүргендер бар. Бүгін тәуелсіздікпен түйдей құрдас спорт тарландарын таныстырсақ.

Данияр Елеусінов

 

Боксшы. 1991 жылы 13 наурызда туған.

Қазір 69 келіге дейінгі салмақта бокстасады. Биыл Олимпиада чемпионы атанды. Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан төрт жыл сайынғы жазғы Олимпиада ойындарынан боксшылар ешқашан алтын жүлдесіз оралған емес. Данияр Елеусіновтің биылғы алтыны Олимпиада ойындарының тарихында қалды, себебі, бір елдің боксшылары қатарынан төрт рет 69 келі салмақтағы алтынды ешкімге берген жоқ.

Данияр Елеусіновтің әкесі - Марат Елеусінов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ал інісі - Дәурен Елеусінов әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы.

Артем Захаров

 

Велошабандоз. 1991 жылы 27 қазанда туған.

Артем Захаров Азия чемпионы, Азия Кубогының жеңімпазы, әлем Кубогының қола жүлдегері, Азия чемпионатының қола және күміс жүлдегері.

Қазақстанның велоспорт бойынша ұлттық құрамасының көшбасшысы талай жарысқа түскен жігіт. Биыл ол Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Айта кетейік, 2004 жылғы Афина Олимпиадасынан бері жолақты жарыс бойынша Қазақстан құрамасы  Олимпиада ойындарына қатыспаған еді. Ал, биыл Рио ойындарына жолдама ұтып алған Артем Захаров мәре сызығын оныншы болып кесті.

Ільяс Сүлейменов

 

Боксшы.1991 жылы 29 наурызда дүниеге келген.

52 келі салмақта жұдырықтасып жүрген Ілияс боксқа 2002 жылы келді. Астана жаттығады. Ол Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскерилер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Галлада өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған. Ұлттық құрамадан тыс, Ілияс атақты «Астана Арланс» кәсіби бокс клубының намысын қорғаған.

Сергей Хижниченко

 

ҚР футбол құрамасының шабуылдаушысы. 1991 жылы 17 шілдеде туған.

Футболдағы кәсібі 15 жасында басталған ол  Өскеменнің «Шығыс» командасы үшін ойнаған болатын. Осы командадағы, жалпы, футболдағы ең алғашқы ойынын голмен бастаған. «Шығыс» командасы Қазақстанның Премьер-лигасынан шығып қалғаннан кейін, Мәскеудің ЦСКА командасы Сергейге көз салып, команданың екінші құрамымен жаттыққан болатын.

2010 жылы Сергей Астананың «Локомотив» командасына ауысып, кейіннен «Атырау» құрамасына көшкен еді. 2011  жылдың ақпанында Қарағандының «Шахтер» футбол клубына ауысты. 2016 жылдың ақпанынан бері «Тобыл» командасымен келісімшартқа отырды.

 

Нұрсұлтан Белгібаев

  

Хоккейші. 1991 жылы 3 тамызда туған.

Астананың хоккей мектебінен білім алған жігіт. 2007 жылдан бері Қазақстанның атақты «Барыс» командасы сапында мұз айдынға шығып жүр. ҚР-ның хоккейден студенттік құрамасымен бірге Дүниежүзілік қысқы универсиадада екі рет жүлдегер атанып үлгерді. 2013 және 2015 жылдары Нұрсұлтанның командасы күміс жүлделерді иеленген еді.

 

Юлия Рахманова

 

Жеңіл атлетші. 1991 жылы 25 қазанда туған.

Орта қашықтықтағы жарыстарға ет үйреткен Юлия бұрынғы «Республика күнінде» дүниеге келген. 2014 жылы Азия чемпионы атанды, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2015 жылғы Универсиадада жеңіске жеткен желаяқ.

Биыл Рио Олимпиадасына барған Юлия 400 метр қашықтықта жүгіріп, мәре сызығын сегінші спортшы болып кескен еді.

 

Алексей Щеткин

 

ҚР футбол құрамасының шабуылдаушысы. 1991 жылы 21 мамырда туған.

2010 жылы «Жетісу» командасының құрамында жүріп, Қазақстанның Премьер-лигасындағы дебютін өткізді. Үлкен фуболдағы алғашқы голын да сол жылы «Ақжайықтың» қақпасына салған еді. «Жетісу» командасында жүріп 84 матч өткізген, 15 гол салған. 2012 жылы УЕФА Еуропа лигасында алғашқы ойынын өткізген.

Еуро-2016  іріктеу кезеңінде Қазақстан үшін екі ойын өткізген.

 

Ольга Сафронова

 

Жеңілатлетші. 1991 жылы 5 қарашада туған.

Ольга карьерасын ұзындыққа, биіктікке секіріп бастаған. Кедергімен жүгіруде де өзінің күшін сынап көрген спортшы соңында спринтке тоқтаған. Азия ойындарының чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Азия чемпионатының қоласын алған жүйрік.

Лондон және Рио Олимпиадасына қатысқан.

 

Нұрсұлтан Тұрсынов

 

Балуан. 1991 жылы 1 тамызда туған.

Күреске 8 жасында келген Нұрсұлтан 2014 жылы Азия чемпионы атанды. 2015 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегерін иеленді. Спортты серік еткен отбасының ұлы. Әкесі - Шыңғыс Тұрсынов қазақ күресі бойынша жаттықтырушы, үлкен ағасы Мұхит Тұрсынов - қазақ күресі бойынша екі дүркін әлем чемпионы, қазақ күресі бойынша Азия чемпионы, «Қазақстан Барысы-2014» турнирінің жеңімпазы.

Соңғы жаңалықтар