Спортшылардың киімі ыңғайлы болуы біз үшін өте маңызды - Елсияр Қанағатов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пхенчхандағы XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 22 күн қалды. Қазіргі таңда, қазақстандық спортшылар лицензиялық жарыстарға қатысуда. Жуырда Астана қаласында Қазақстан құрамасынының олимпиадалық формасы таныстырылған болатын. Спортшылардың киімін әлемнің ең ірі спорт киімін өндіруші компанияларының бірі, жапониялық «Mizuno» тіккен болатын.

Неліктен қазақстандық спортшылардың формасын шығаруда таңдау жапониялық компанияға түскенін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов айтып берді. 

- Біріншіден, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерінен арнайы комиссия құрылғанын айтқым келеді. Олимпиада формасын тіктірушіні таңдау оңайға соқпады. Бізге Mizuno, Lotto, Umbro, Cappa, Joma және қазақстандық спортшыларды киіндіріп жүрген Zibroo компанияларынан ұсыныс түскен. Кейбір брендтер спорттық киімдердің бірнеше нұсқаларын көрсетті.

- Неліктен таңдау жапониялық команияға түсті?

- Mizuno жаңа технологиялар бойынша қазақстандық командаға дайындалған арнайы спорттық киімін ұсынды. Бұл компанияны таңдаған басты себебіміз - бұл спорт киімдерінің көпфункционалдығы, Оңтүстік Кореяның климаттық жағдайына төзімділігі. Бұған қоса киімнің сапасы да жоғары.

Үстіңгі киімі жеңіл, суық күндердің өзінде денені жылы ұстайды. Бұл қысқы Олимпиада, ал Пхенчханда ауаның ылғалдылығы жоғары. Осының бәрін ескердік. Спортшыларымыз форманың өте сапалы жасалғанын айтуда.

Біз көбінде қазақстандық компанияларға үміт артатынбыз, бірақ бұл жолы жапониялық киім үлгісінің пайдалы тұстарын ескердік. Спортшының киімі ыңғайлы болуы - біздің басты мақсат. 

- Яғни, спортшыларымыз форманы киіп, бағасын беріп үлгерген бе?

- Біз спорттық киімді тарату кестесін жасадық. Алғашқы спортшылар өз формаларын алып үлгерді, біз олардан тек жақсы пікірлер естудеміз. 

- Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын ұстап шығатын спортшының киім үлгісі қандай болады?

- Абзал Ажғалиевтің салтанатты киімін қазақстандық компания дайындауда. Бұл жерде біз еліміздің ұлттық мәнерін ескердік. Бұл тұста еліміміздің киімін жасауда көмектескісі келген қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олимпиада ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалды. Біздің құрамамыз соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Олар үшін еліміздің қолдауы өте маңызды.

Соңғы жаңалықтар