Сотталған лаңкестер турмедегі әлеуметтік ортаға ықпал ете бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лаңкестер мен экстремистер бас бостандығынан айыру орындарындағы әлеуметтік ортаны түбегейлі өзгертті. Бұл туралы бүгін лаңкестікпен күрес мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстелде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік бас бостандығынан айыру орындарындағы лаңкестер мен экстремистерге ерекше көңіл бөлген жөн деп санайды. Аталмыш жағдай түзеу мекемелеріндегі әлеуметтік ортаны түбегейлі өзгертті», - деп атап өтті ол.

Вице-министрдің сөзінше, лаңкестер мен экстремистер өзінің «сеніміне» берік және дәстүрлі құндылықтарды мойындамайды. Олар өздерінің идеологиялық көзқарас жүйесін өте қатал қорғайды және өзге көзқарастарды қабылдамайды. 

«Түрмеге түскен кезде олар бұл жасаған қылмысы үшін қоғам мен мемлекеттің берген жазасы деп санамайды және оған өкініш білдірмейді. Сыртқы ауыртпалықтар мен бас бостандығынан айырылу - өз сенімінің берген сынағы ғана деп қабылдайды. Сондықтан көзқарасы тұрақсыз өзге азамат түрмеге түскен кезде, ол бірден радикалдар үшін оңай олжаға айналады», - деп атап өтті Берік Арын.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта радикалдарды қайта қоғам өміріне бейімдеу, дәстүрлі көзқарастарға бет бұрғызу үшін елімізде түрлі оңалту орталықтары жұмыс жасауда. Олардың және Бас прокуратураның күшімен түрлі әдістемелік құралдар да шығарылуда.

Ел өңірлеріндегі түрмелерде радикалдармен теологтар арнайы жұмыс атқарып жатыр.

«2015 жылдан бастап, Ішкі істер министрлігі жанындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде Қазақстанның діни басқармасы имамдары діни-ағартушылық жұмыстар жасайды. Осы бағытта бірқатар жағымды нәтижелер бар. Дегенмен бұл жұмыс жетілдіруді қажет ететіні де жасырын емес. Ведомствоаралық қарым-қатынасты жолға қою керек», - деді вице-министр. 

Соңғы жаңалықтар