Сотта Әсет Матаевтың мүліктерінің тізімі жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырды, жылдар бойы салық төлеуден жалтарды деген айыптар тағылған Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

Бүгінгі сот отырысында Әсет Матаев элиталы жылжымайтын мүлік пен қымбат автокөліктерден тыйым салуды алып тастау туралы сотқа өтініш білдірді.

Судья Ақболат Құрмантаев Әсет Матаевтың иелігінде Mitsubishi Pajero, Toyota Land Cruiser және Lexus 570 автокөліктері бар екенін жариялады. Сондай-ақ, кіші Матаевта Алматы қаласының элиталы Самал ауданында орналасқан пәтер бар. Айыпталушы Матаев жоғарыда аталған мүліктердің өзіне тіркелгенін мойындады.

Тергеу Матаевтардың 2011-2015 жылдары мемлекеттік саясатқа ақпараттық қолдау көрсету және басылым беттеріне жарнамалық материалдарды жариялау үшін Ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» АҚ бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғанын анықтады.

Дәл осы мақсатта, тергеу нұсқасы бойынша, «ҚазТАГ ХАА» ЖШС және «Ұлттық баспасөз орталығы» ҚБ заңсыз келісімшарттар бекітілген. Тапсырыс берушілердің басты шарты жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат жайлы халықты ақпараттандыру болатын.

Алайда, мемлекет қаржысын төлеген БАҚ-қа жарияланған ақпараттар үнемі қоғам үшін жабық режимде жарық көрген, ол ақпаратты оқу үшін қосымша ақы төлеу қажет болған.  Өз кезегінде тергеу органдары «Қазақтелеком» АҚ алдындағы міндеттерді өз мойнына алған С.Матаев мүлдем жұмыс істемеген деп есептейді. Ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» АҚ аударған қаражатты С.Матаев өзі иемденген. Ақпараттандыру комитетінен 169 млн теңге, ал «Қазақтелеком» АҚ бюджетінен - 143 млн теңге. 

Сонымен бірге, тергеу кәсіпкерлікпен айналысқан Матаевтың 1,4 млрд теңге пайда тауып, 200 млн теңгеден астам салықтан жалтарғанын анықтады. 

Соңғы жаңалықтар