Сот шешімімен заңсыз құрылыс бұзылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Маңғыстау ауылы әкімінің аппараты» ММ талабында  кәсіпкер Т. Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында жалпы көлемі 0,0160 га болатын мемлекеттің жер учаскесін өз бетімен иеленіп отырғаны көрсетілген.

 Сондай-ақ темірмен қоршалған, пластикалық нысан салынған жауапкердің аталған құрылысы заңсыз екенін, себебі оған жер учаскесі меншігіне немесе пайдалануға берілмегенін, құрылысты бастауға ешқандай органнан келісім алмағанын, сондықтан жауапкерді өз бетімен салынған құрылысты өзінің есебінен бұзуды міндеттеуді сұраған.

ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекетке тиесілі  жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады. Баптың 2-тармағына сай өз бетiмен салынған құрылыс, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылып, дара кәсіпкер Т-ға көлемі 0,0160 га болатын Маңғыстау ауылындағы жер учаскесін босатуды және заңсыз құрылысты өз есебінен бұзу міндеттелді, деп хабарлайды Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі.

  Шешім заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар