Сот сараптамасы қызметінде қандай кемшіліктер бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Әділет министрі Марат Бекетаев сот сараптамасы қызметіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік алдына сот сараптама қызметін реформалау міндеті қойылған. Ол әлемнің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес келуі және жаңғыртылған құқық жүйенің басты элементі болуы тиіс. Сот сарапшыларының қорытындылары сот төрелігі барысындағы дәлелдеменің негізін құрайды. Іс бойынша шынайы фактілерді анықтау - сараптама қорытындысының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан сот сараптамасы институтының рөлі құқықтық мемлекет орнатуда ерекше орын алады», - деп тоқталды М. Бекетаев.

Оның атап өтуінше, сот сараптамасы саласында бірқатар қиындықтар бар.

«Олардың барлығы сіздерге мәлім және бұл кемшіліктер жүйеге жағымсыз әсер етеді. Сараптама қорытындысын ұзақ күтуге тура келеді, сонымен қатар олардың сапасы төмен күйде. Бұл жерде әдеттен тыс жағдай қалыптасады. Сарапшылардың қорытындыларында жиі қарама-қайшы тұжырымдар болады», - деді ведомство басшысы. 

Оның сөзіне қарағанда, сарапта қызметіндегі сыбайлас жемқорлықтың қаупі жағдайды қиындата түседі.

«Өзінің жеке пайдасы үшін сарапшы пікіріне әсер етуді қалайтындар әрдайым болатыны белгілі. Сараптама жүйесі дағдарысының себептері бір қарағанда, анық сияқты. Бұл өз кезегінде төмен еңбекақы, әлсіз инфрақұрылым, біліктіліктің төмендігі, кәсіби кадрлардың кетуі секілді жағдайлар. Мәселені шешу үшін жүйеде тек қаржыландыруды ұлғайту жолы таңдалады. Алайда егер орынды жұмыс істейтін модель болмаса, кез келген қосымша қаражат тиімді болмайды. Осыған байланысты Әділет министрлігі сот сараптама қызметінің моделін өзгерту туралы күрделі шешім қабылдады. Қайта жаңғыртудың мәні жаңа тетіктерді құру мен ескілерді өзгертуге негізделген», - деп атап өтті министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко еліміздегі сот сараптамасының тапшылығы қылмыстық істерге кері әсер етіп отырғанын мәлім еткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар