Сот елден тыс жерге шығарылған қандастарымызға рақымшылық жасаса - Ауыт Мұқибек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақын, «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ауыт Мұқибек сот шешімімен елден тыс жерге шығарылған қандастарымызға бір мәрте рақымшылық жасауды Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымбовтан сұрап хат жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы! Өзіңіз өте жақсы білесіз, 2013 жылы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп асығыс қабылданған қатаң Заң шетелден көшіп келген неше жүздеген қандастарымызды әкімшілік құқық бұзушылыққа ұрындырды. Одан қала берді, ҚХР-нан келген этникалық қазақтардан талап етілетін соттылығының бар немесе жоқ екені туралы анықтама! Соның кесірінен, мысалы 2015 жылы 307 этникалық қазақ елден тыс жерге шығарылыпты. 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз жазаға тартылып, өз еліне қайтарылыпты. Бұл ақпаратты біздің сұратуымызға орай, сенатор Мұрат Бақтиярұлына өз қолыңызбен бердіңіз. Ал, біз жағынан сұрау жіберілгенімен, Сіз 2014 жылы қанша этникалық қазақтың дәл осы құқық бұзушылықтың құрбаны болғаны туралы мәлімет бермепсіз. 2014 жылғы көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін!», - дейді ол министрге жазған хатында.

Сонымен қатар ақын өкінішке орай, осы әкімшілік шарамен соттың шешімі арқылы елден шығарылған қандас азаматтар бес жылсыз Қазақстанға орала алмайтындығын, отбасылар екіге бөлініп қалғандығын атап өткен.

«Бұрын бір мәрте әкімшілік құқық бұзған шетелдік азамат жазаға тартылып, өз еліне қайтарылатын болса, өткен жылы қайта қабылданған Заң жобасында бұл норма бірнеше рет бұзылған жағдайда елден шығарылады деп өзгертілді («Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бап, 5-тармағы). Міне, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 000 қылмыскерге рақымшылық жасағалы жатыр. Қазақстан Республикасының ҚР Ішкі істер министрі мәртебеңізбен, ескі Заңның тым қатаңдығын ескере отырып, Сіздің де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бері сот шешімімен елден тыс жерге шығарылған сол қандастарымызға бір мәрте рақымшылық жасатуыңызды сұраймын! Бұл рақымшылық арқылы тумаларынан бөлініп қалған этникалық қазақтар, әсіресе, балалар, отбасына қайта қосылатын болады», - деді Ауыт Мұқибек.

Айта кетейік, бүгін «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізген еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа 9 жасар Мейіргүл өтінішпен келген болатын. Оның ата-анасы да еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылған еді. Ал Мейіргүл бүгінде Алматыда туыстарының қолында тұрып жатыр.  

Соңғы жаңалықтар