Соңғы 10 жыл ішінде ҰҚК террорлық сипаттағы 100 шақты акцияның алдын алды - Мәсімов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жыл ішінде ҰҚК террорлық сипаттағы 100 шақты зорлық-зомбылық акциясының алдын алды. «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов осылай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«15 жыл бұрын Мемлекет басшысы ҰҚК-ге келіп, онда арнайы қызмет жұмысы қалай құрылуы керектігі туралы өзінің көзқарасы мен басымдықтарын белгілеп берді», деп жазады ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Төрағаның айтуынша, Мемлекет басшы­сының стратегиясына сай ҰҚК, өзге де мемлекеттік орган­дармен бірге, ішкі саяси тұрақ­тылықты, ұлтаралық және кон­фес­сияаралық келісімді сақтауды қам­тамасыз етіп отыр. «Бүгінде Қазақстан мен ҰҚК ор­гандары алғаш рет халықаралық терроризм және діни экстремизм секілді құбылыстармен бетпе-бет келді. Біз аталған топтармен күресте жолдастарымыздың өмір­лерін құрбан етіп, аса ауыр сабақ алдық.

Сол жолы Пре­зи­дент нақты тапсырма - қазақ­стандықтарды осы қауіп-қатер­лерден қорғау туралы міндет қойды. Қысқа мерзім ішінде ҰҚК органдары дұрыс қоры­тындылар жасап, жағдайды бақылауларына алды. Елімізде террорлық инфрақұрылымдар құру әрекеті жүзеге асырылмай тасталса, бірқатар лаңкестіктерге дайындықтың жолы кесілді. Соңғы 10 жыл ішінде ғана ҰҚК-нің терроризмге қарсы қызметі террорлық сипаттағы 100 шақты зорлық-зомбылық акциясының алдын алды. Халықаралық террорлық ұйымдардың Қазақстанға қарай ұмтылыстары жоққа шығарылды. Күрделілігі жағынан бірегей операциялар жүзеге асырылып, «Орталық Азия моджахеттерінің жа­мааты», «Джунд-әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» және басқа да құры­лымдар жойып жіберілді. Әріп­тес арнайы қызметтермен бірге онда­ған терроршылар мен экстремистер іздеп табылып, экстрадицияланды», - деп жазды Кәрім Мәсімов.

Осы операцияларға 160-тан астам анти­террорлық және жедел-әскери шаралар өткізген арнайы мақ­саттағы «А» қызметінің қызмет­керлері үлкен үлес қосқан. «Олардың көпшілігі батылдық пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткендері үшін мемлекеттік наградаларға ие болса, өкінішке қарай, кейбіреулері опат болды. Қазір арнайы мақсаттағы «А» қызметі ең заманауи қару-жарақ, экипировка және техника үлгілерімен жарақтанған жоғары кәсіби бөлімше болып табылады. Оның жауынгерлері - арнайы қызметтің сүзгісінен өткен бетке ұстарлары деуіміз керек. Олар күн демей, түн демей аса күрделі әскери міндеттерді шешуге қабілетті. Мұны 2016 жылдың желтоқсан айында аталған қызметте болған кезінде Мемлекет басшысының өзі ерекше атап көрсетті. Сол жолы Елбасы «А» қызметінің жеке құрамымен әңгіме-дүкен құрып, бөлімшенің материалдық-техникалық базасымен танысқан болатын», - делінген мақалада. 

Президенттің өкімімен 20 жыл бұрын терроризм қатерінің өсе түсіп отырғаны ескеріле келіп, Қазақ­стан Республикасының ведомство­аралық Антитеррорлық орталығы (АТО) құрылды.

Соңғы жаңалықтар