Солтүстік Кореяны Қазақстан таңдаған жолға түсуге иландыру керек - Корея министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Кореяны Қазақстан таңдаған жолға түсуге иландыру керек. Мұндай пікірді бүгін Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Кан Ген Хва білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан - ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік жолын таңдаған ел. Сол уақыттан бері ел қандай жетістікке жеткенін көріп отырмыз. Қазақстан тарихын, әсіресе, біздің Солтүстік Кореямен арадағы жағдайға байланысты көп айту қажет. Солтүстік Кореяны Қазақстан таңдаған жолға түсуге иландыру керек. Мұны жасауға біздің тарихи мүмкіншілігіміз бар», - деді ол ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында.

Осы ретте ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде Қазақстан тарапынан қолдаудың жалғаса беретіндігіне үміт артатындығын баса айтты.

«Ядролық қарусыздану проблемасын шешуге үлес қосқаны, қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені, ол тек біздің өңірге ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемге де қатысты. Біздің мақсатымыз ортақ. Біз бағытқа көз салатын серіктеспіз. Халықаралық күн тәртібіндегі көптеген саяси мәселелерді бірлесе шешеміз. Достық пен бірлескен серіктестікке негізделген оң әрі мығым диалогты жалғастырғымыз келеді», - деді Корея Сыртқы істер министрі.

Айта кетерлігі, бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан кореяаралық диалогтың қайта қалпына келуін қолдайтындығын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар