Сочиде ТМД Мемлекет басшылары кеңесі мен ЖЕЭК жиындары қорытындыланды

None
None
СОЧИ. ҚазАқпарат - Ресей президенті Владимир Путин Сочиде өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесі мен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңесінің мәжілістерін қорытындылады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің меншікті тілшісі хабарлады.



«ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің мәжілісінде ресейліктер әріптестерін Ресейдің достастық ұйымына төрағалық ету барысындағы жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Шағын және кеңейтілген құрамдағы талқылаулар барысында ТМД аясындағы көпбағытты ынтымақтастық механизмдерін қазіргі заманға сәйкестендіру туралы шешім қабылданды. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшылары кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесі арасындағы өкілеттіктер бөлінеді. Енді үкіметтер кең ауқымды мәселелермен айналысады, ал лидерлер ағымдағы жұмыстарға алаңдай бермей, бірлестікті дамытудың шешуші бағыттары мен стратегиясын қалыптастыру жұмыстарына күш жұмылдыратын болады. Бұған қоса, ТМД Экономикалық кеңесі мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің қызметтерін одан әрі оңтайландыру бағытындағы атқарушы комитеттің ұсыныстары бекітілді. Атқарушы комитет төрағасы, ТМД-ның Атқарушы хатшысы Сергей Николаевич Лебедевтің өкілеттігін тағы екі жылға ұзарту жөнінде келісімге келдік. Ол алдағы уақытта да ТМД ұйымының алдында тұрған міндеттерді тиімді жүзеге асырады деген ойдамыз»,-деді В.Путин қорытынды баспасөз мәслихатында.

РФ президентінің сөзінше, Мемлекет басшылары тауар мен инвестиция ағымдарын арттыру, өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияны кеңейту бағытындағы ТМД-ның әлеуетін пайдалану мәселелерін де жан-жақты талқыға салды.

«Тараптар жыл басынан бері көлемі 25 процентке, яғни 75 млрд долларға артқан өзара тауар айналымын одан әрі күшейтуге екпін салу жөнінде келісімге келді. Ол үшін ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақтың нормалары мен стандарттарын үйлестіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, тауарлардың қозғалысы мен қызметтерді жүзеге асыруда аяққа тұсау болып отырған мәселелерді анықтап, оларды жою қажет»-деді Ресей басшысы.

Соңғы жаңалықтар