SmartAlmaty жобасы күзде таныстырылатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 маусым күні Алматыдағы Атакент -Экспо көрме орталығында цифрлық инновациялар тақырыбында VI Инновациялық форум өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Форумда әлемнің беделді сарапшылары қаладағы өзекті мәселелерді шешу үшін инновациялық технологияларды қолдану мәселелерін талқылайды. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға тырысамыз. Сондықтан, қала тұрғындары тап болатын мәселелерді жедел шешуіміз керек», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев форумға арналған баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Мәдиев қаладағы жайлылық пен қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған SmartAlmaty жобасының жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі.

«SmartAlmaty жобасы әлі де жүзеге асырылу кезеңінде. Өздеріңіз білесіздер, қаламызда келешекке арналған зерттеулермен айналысатын Алматы Даму орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыратын орын мен ақпараттық платформа туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл барлық мәселені жылдам шешу үшін және Алматы қаласының тұрғындарымен кері байланыс орнату мақсатында жасалған», - деді Мәдиев.

«Тұжырымдамасы анықталған және біз аталған бағытта мол тәжірибе жинақтаған IDC компаниясымен серіктестікте жұмыс істеп жатырмыз, - деп жалғастырды ол.

«Алдын ала кешенді зерттеулер жүргізіп, шынында да Сингапур сияқты әлемдік қалалардың тәжірибесін енгізу қажеттігін анықтадық. Біз әлемдік тәжірибені зерттеу үстіндеміз және бұл формат биылғы қыркүйек-қазан айларында ашылады. Менің ойымша жыл аяғына дейін дайын болған жобаны сіздерге таныстырамыз».

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алматыда инновациялық шешімдерді қолдануға арналған ауқымды алаң бар екенін атап өтті, мұнда 80-нен астам ғылыми-зерттеу институттары, 38 ЖОО бар және 130 мың студент білім алады. Оның пікірінше, жаңалық ашушы инноваторлардың 87%-і Алматы қаласында тұрады.

Айта кетейік, 2017 жылдың 30 маусымында Алматыдағы Атакент -Экспо көрме орталығында VI Инновациялық форум өтеді. Форумда Индустрия 4.0 тұжырымдамасы, сандық экономика, инновациялық экожүйелерді құру және Smart City технологияларын енгізу талқыланады. Биылғы форумның тағы бір жаңалығы, роботтың форумға спикер ретінде қатысуы болмақ.

Соңғы жаңалықтар