Смақов «Ақтөбе» футбол клубы үшін ФИФА-дан кешірім сұрауға дайын

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» футбол клубы үшін карьерасын аяқтап, басшылық қызметке келген Самат Смаков ФИФА-ның штаб пәтеріне барып, кешірім сұрауға дайын. Бұл туралы бас директор баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» футбол клубының жастар құрамы ойынды бастады. Екі турдан соң үзіліс болады. Клубтың бас директоры Самат Смақов осы үзіліс кезінде бар мәселені шешуге әзірленіп жатыр. Тіпті ФИФА-ның Швейцариядағы штаб-пәтеріне барып, кездесу өткізуі мүмкін.

«Ойыншыларды тіркеуге тыйым салу мәселесін жақын уақытта шешу қажет. Екі турға жастар құрамасы шығады. Үзіліс кезінде шешімін табуға күш саламыз. УЕФА-дан хат келді. Ол жақта «Ақтөбе» клубына қатысты бірнеше шағым бар. Олар бізді жаз айларына дейін ұстап тұрады. Яғни, келесі трансфер ашылғанша өзіміздің ойыншылар алаңға шығуы мүмкін. Қазіргі кезде Швейцариядағы ФИФА-ның штаб-пәтеріне бару қарастырылып жатыр. Біз жеке кездесу өткізіп, сұрақтардың бәрін шешуге күш саламыз. Тіпті жалынып кешірім сұрауға дайынмын. Бұл клуб үшін мен көп нәрсеге дайынмын. Премьер-Лига клубтарынан үш ұсыныс түскеніне қарамастан мен «Ақтөбе» клубы үшін карьерамды аяқтадым»,- деді клубтың бас директоры Самат Смақов.

Егер тыйым алынбаса, жазда ашылатын екінші трансферді күтуге мәжбүр болады. Әрі клубпен келісімшартқа қол қойған қазақстандық футболшылар, легионерлер өзге клубтарға жалға берілуі мүмкін. Ал Ақтөбенің Орталық стадионы жаңа маусымға дайын емес. Алаңды жылытатын құбырдың бір бөлігі қатып қалып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.  

Соңғы жаңалықтар