СҚО жүргізушілері «әдемі» нөмірлер үшін 12 млн теңге төледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - «Әдемі» нөмірлерді ұнататын Солтүстік Қазақстан облысының көлік жүргізушілері бюджетті 12 миллион теңгеге толықтырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО ІІД Тіркеу-емтихан жұмыстары бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сергей Гизбрехттің айтуынша, беделді нөмірлерді сатып алу ажиотажы бәсеңдеген.

Жыл басынан департамент 12,5  млн теңгеден астам сомаға сұранысы жоғары 34 мемлекеттік нөмірді өткізген.

«Бұрынғыша, ең көп сұранысқа ие комбинациялар - 001, 111, 444, 555, 777 және 999. 2018 жылдан бастап сұранысы жоғары нөмірлер белгілерінің алуандығы кеңейе түсетіндігі, оларға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін. Олардың құрамына автомобиль иелерінің сүйікті «айналы» нөмірлері мен басқа да танымал сандық комбинациялар кіреді», - деді Сергей Гизбрехт. 

Мұндай нөмірлерді негізінен Петропавл қаласының, Есіл және  Ғ.Мүсірепов аудандарының тұрғындары сатып алуда. Полицейлер атап өткендей, «әдемі» нөмірлер автомобиль иелеріне ешбір артықшылық бермейді.

ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес, «сұранысы жоғары нөмір» санатындағы белгіні кез келген көлік құралының жүргізушісі сатып ала алады. Әр сандық комбинацияның өзіне сәйкес мемлекеттік баж салығы болады. Көлік құралының иесі өзінің қалауына қарай беделді тіркеу нөмір белгісін таңдауға құқылы. Арнайы ХҚКО-ның ақпараттық бұрышында олардың 001-ден 999-ға дейінгі барлық түрі қойылған.

 

Соңғы жаңалықтар