СҚО тауар өндірушілері Астанадағы жәрмеңкеге арнайы дайындықпен келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан» спорт сарайының алаңында Солтүстік Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы аптаның сенбі және жексенбі күндері өтетін осы жәрмеңкеде өнімдерді төмен бағамен сатып алуға жағдай жасалып отыр. Солтүстікқазақстандықтар Астанаға 725 тонна өнім алып келді.



СҚО Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандары мен Петропавл қаласының 115-ке тарта кәсіпорны өз өнімдерін ұсынып отыр. Осы орайда қала тұрғындары арасында сұранысы жоғары көкөніс пен мал еті елеулі көлемді жеткізілді.


«Біздің өңірдің тауар өндірушілері осындай жәрмеңкелерге белсенді түрде қатысады. Сәйкесінше, бүгін Астана тұрғындары да облыстан жеткізілген өнімдерді жақсы алып жатыр. Атап айтқанда, бұл жәрмеңкеге кейбір шаруа қожалықтары арнайы дайындықпен келеді»,-деп тоқталды ол.

А. Абдуллаевтың сөзіне қарағанда, Қызылжар ауданының тұрғыны Евгений Никифоров бүгін елордаға 4 тонна қаз және үйрек етін жеткізген.

«Бұл отбасы құс етін дайындауға сонымен қатар өздерінің ауылдастарын да жұмылдырып, елді мекен тұрғындарына табыс жасауға көмектесіп отыр. Осы жұмыстың барлығын олар өз қолдарымен жүзеге асырып келеді. Олардың жұмысын жеңілдету үшін бүгінде субсидиялау бойынша мемлекеттік бағдарламалар бар екенін түсіндірдік, яғни жеңілдікті несие арқылы өндірісті автоматтандыру үшін қажетті техниканы сатып алу мүмкіндігі бар. Таяу арада олардың кәсібін кеңейту бағытында тиісті қолдау шараларын ұйымдастырмақпыз»,-дейді басқарма өкілі.

Өз кезегінде Евгений Никифоров ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне үш жыл қатарынан қатысып келе жатқанын айтты. «Біз үшін Астанада сауда-саттық жүргізу тиімді, осында өнімге сұраныс бар. Сонымен қатар елорда жәрмеңкелері жақсы ұйымдастырылады. Ал Петропавл қаласында өнімді өткізу көлемі айтарлықтай төмендеу. Сондықтан өзіміздің шаруашылықты кеңейту аясында біз осындай үлкен жәрмеңкелерге қатысуға тырысамыз»,-дейді құс өсіруші.



Соңғы жаңалықтар