СҚО-ның 5 ауданында жастарға 6 жатақхана салынуда

None
None
Петропавл. ҚазАқпарат - Бұл туралы Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгiнде өңiр басшысының төрағалық етуiмен кезектi аппараттық кеңес барысында мәлім болды.

Айта кетейік, аталмыш жиында 2016 жылдың 9 айы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын көтеруге жол бермеу шаралары талқыланған болатын.

Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бiрiншi бағыты бойынша 75 инфрақұрылымдық жобаның 53-нде жөндеу жұмыстары аяқталғандығы, ал, 22-інде бұл жұмыстар жалғасып жатқандығы айтылды. Аталған мәселе туралы жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев баяндады.

Асқар Жоламанұлының айтуынша, жобаларды жүзеге асыру барысында 1077 жаңа жұмыс орындары құрылған, оларға жұмыспен қамту орталықтары арқылы 564 адам жұмысқа орналасқан.

«Елдi мекендердi абаттандыру үшiн ҚР Үкiметiнiң арнайы қорынан 1 млрд. 473 млн. теңге көлемiнде қаражат бөлiндi. Аталған қаржы 4 шағын қала мен 307 елдi мекенде 512 жобаны жүзеге асыруға арналған», - дедi мекеме басшысы.

Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан берi «ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ арқылы 658,3 млн. теңге көлемiнде 277 жеңiлдетiлген несиелер берiлдi. Берiлген несиелердiң жалпы санынан 165 қарыз алушы алынған несиенi бизнесiн кеңейтуге жұмасаған. Шағын несие алушыларға қосымша 346 жұмыс орны құрылған.

Бағдарлама аясында облыстың 5 ауданында 135 пәтерлiк 6 жастар жатақханасының және Аққайың ауданының Смирново селосында 5 жеке тұрғын үйдiң құрылысы жүргiзiлуде.

«Олқылықтарды болдырмау қажет. Барлық жұмыстар сапалы әрi уақытылы орындалуы тиiс», - деп тапсырды өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов.

Сондай-ақ аппараттық кеңес аясында әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын көтерудi болдырмау шаралары да қарастырылды. Өңiрде өндiрiлетiн азық-түлiк тауарларына бағаны арттыруға жол бермеу мақсатында тауарды жергiлiктi өндiрiс орындарынан тiкелей сауда орындарына тасымалдау шаралары ұйымдастырылған.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң, өңдеу кәсiпорындарының, көтерме сауда фирмаларының қатысуымен апта сайын Петропавл қаласының бес базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерi ұйымдастырылып тұрады. Мұнда баға орта есеппен 10-20%-ға төмен», - дедi Евгений Глотов.

Сондай-ақ, кәсiпкерлiк пен туризмдi дамыту басқармасының басшысы Евгений Глотовтың мәлiметiнше, 2016 жылы тұрақты қорды толықтыру үшiн жергiлiктi бюджеттен 350 млн. теңге бөлiнген. Ағымдағы жылы 408 тонна қант (6 вагон), 20 мың литр өсiмдiк майы сатып алынды.

Облыс әкiмi бұл бағыт бойынша жұмыс қарқынын арттыруды, сондай-ақ жергiлiктi тауар өндiрушiлердiң тауарлары қойылатын әлеуметтiк дүкендердi ашу мүмкiндiгiн қарастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар