СҚО-да жалғыз өзі үш бала тәрбиелеп отырған әке жұрттан көмек сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында үш бала тәрбиелеп отырған жалғыз әке қиын жағдайда қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Төрт жыл бұрын әйелі оны тастап Павлодарға, өзгеге кетіп қалған. Ер адам жүк тиеуші болып жұмыс істейді. Ауыр еңбекпен тауып жүрген 25 мың теңгеге алты жасар ұлы мен 8 және 11 жастағы екі қызын асырап келеді.

«Әйелім ұлымызды әкетпек болды, бірақ қыздарым оған көнген жоқ. Бауырларды бір-бірінен бөлмеу керек деп шештім. Қазір жағдайымыз қиын болып тұр, баспана жайы тағы бар, елден көмек сұрағым келеді», - дейді Жақсылық Асқаров.

Бірнеше жыл бұрын ол ескі үй сатып алған, бірақ әлі ресімдей алған жоқ.

«Ол әскери қызметші емес, мемлекеттік қызметші емес, мүгедек те емес. Егер баспанасы апаттық жағдайда деп танылғанда, осы санат бойынша баспана кезегіне тұруы мүмкін еді», - дейді Мағжан Жұмабаев аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Серік Қосанов.

Жақсылық әйелімен әлі де ресми некеде. Бұған Павлодарға барып ажырасып келуге қаражаты жоғын уәж етеді. Сот балалардың анасын алимент төлеуге міндеттеді. Қазір оның қарызы миллион теңгеден асып кеткен. Балаларға мемлекеттен жәрдемақы беру белгіленбеген.

Соңғы жаңалықтар