СҚО-да 500-ге жуық жұмыс орны ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында кезектi бос жұмыс орындарының жәрмеңкесi өттi. Солтүстiкқазақстандықтарды жұмысқа орналастыру барысымен өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов жеке танысты.

Жәрмеңкеге қала және облыстың кейбiр аудандарынан 38 кәсiпорын қатысты, олар келушiлерге жалпы саны 471 бос жұмыс орындарын ұсынды. Аталған жәрмеңкеге 500 адам қатысты.

Үстіміздегі жылы өткiзiлген бос жұмыс орындары жәрмеңкелерi жөнiнде облыс әкiмi Ерiк Сұлтановқа Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң басшысы Гүлмира Жәкенқызы баяндап өттi.

Облыс әкiмi бос жұмыс орындарын ұсынған жұмыс берушi компаниялардың қызметкерлерге қоятын талабын және ұсынылатын жалақы мөлшерi туралы сұрады. Ерiк Сұлтанов жұмыс берушiлерге тәжiрибесi бар қызметкерлермен қатар, жас мамандарды да қызметке тартуға ұсыныс бiлдiрдi.

«Тәжiрибесi жоқ маманды алып, үйреткен дұрыс, бұдан бөлек, жалақысы да жақсы болуы қажет. Мысалы, инженердiң жалақысы 100 мыңнан кем болмауы керек. Сонда ғана жақсы маман, соған сәйкес жақсы технология болады», - деп атап өттi Ерiк Сұлтанов.

Жыл басынан берi облыста барлығы 8 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесi өткiзiлдi. Онда 134 кәсiпорын мен түрлi ұйымдар 1671 бос жұмыс орындарын ұсынды.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерiне қатысу арқылы 341 адам жұмыспен қамтылса, олардың 73-i тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, 42-i уақытша қоғамдық жұмыстарға тартылса, 7-i әлеуметтiк жұмыс орындарына алынды. Тағы 21-не қайта даярлау курстарында оқуға жолдама берiлдi.

 

Соңғы жаңалықтар