СҚО-да 191 млрд теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 191 млрд теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Ерік Сұлтанов халық алдында есеп беру жиынында мәлім етті.

Облыс басшысының сөзі бойынша, ауыл шаруашылық саласының үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсті және 416,7 млрд теңгені құрады.

«2016 жылы облыс диқандары гектар берекелігін орташа есеппен 17,2 центнерге жеткізіп, 5,5 миллион тонна астық жинады. Жыл сайын біз алыс және жақын шетелдерге 1,5 млн тонна сапалы солтүстікқазақстандық астықты, 250 мың тонна ұнды, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымын экспортқа шығарамыз», - деді әкім.

2016 жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне демеуқаржы үшін бюджеттен 31,0 млрд астам  қаржы бөлінді, бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есе көп. Облыстың агроқұрылымдары жыл сайын мал шаруашылығы үшін 20 мың бастан астам ірі қара сатып алынды.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 191 млрд теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 2016 жылы сомасы 7,8 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 270 жұмыс орны ашылды», - деді ол.

Сонымен қатар өңірде жетекші машина жасау кәсіпорындары тұрақты өсу серпінін көрсетті. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуына өнім шығаруды 1,7 есеге көбейткен «ЗИКСТО» акционерлік қоғамы елеулі үлес қосты. Ол Үкіметтің қолдауы негізінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясымен жасалған 15 млрд теңгенің келісімшартының арқасында мүмкін болды.

Өнім шығару «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-да - 8 пайызға, «Казнефтегазмаш» АҚ-да - 43 пайызға, «Көпбейінді жабдықтар зауыты» ЖШС-інде - 29,3 пайызға, «Поиск» ВФ» ЖШС-ында 5,4 пайызға артқаны байқалды.

Соңғы жаңалықтар