СҚО әкімі Азия чемпионатында жеңіске жеткен велошабандоздарды құттықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов «Astana Pro Team» кәсіби велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровқа құттықтау телеграммасын жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Александр Винокуровты және Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық велошабандоздарды жеңісімен құттықтады. Оларға мықты денсаулық, қажымас қайрат пен әлем трассасында жаңа табыстар тіледі.

«Велоспорттан Азия чемпионатына - Алексей Луценко, Бақтияр Қожатаев пен Жандос Бижігітов секілді жерлестеріміздің қатысып, жеңіске жеткендігін мақтан тұтамыз. Бұл табысқа жету үшін еліміздің барлық құрама командасының ерік күші мен мақсат жігері сарп етілді. Бұл жеңіс - шабандоздарымыздың кәсібилігі мен сіздің Қазақстан велоспортының дамуына қосқан елеулі еңбегіңіздің жемісі деп білемін», - делінген телеграммада.

Ерік Сұлтанов сондай-ақ спринтерлік көпсайыста 500 метрлік қашықтықта күміс жүлдені жеңіп алған солтүстікқазақстандық спортшы Роман Кречті құттықтады.

Канаданың Калгари қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде конькимен жүгіруші Роман Креч екінші орынды иеленіп, бұрын өзі орнатқан Қазақстанның рекордын қайта жаңартты.

«Сіз Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі жанкүйерлерге ұмытылмас қуаныш сезімін сыйладыңыз. Қазақстандық мыңдаған жасқа үлгі болып, Отанымызды әлемге таныттыңыз! Сізге шын жүрегіммен мықты денсаулық пен толайым табыстар тілеймін!», - деп айтылған құттықтау телеграммасында. 

Соңғы жаңалықтар