«СҚ-Фармация» 2018 жылға тегін дәрі-дәрмектерді сатып алуды бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрі-дәрмек сатып алу жөніндегі бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС қазақстандықтарды 2018 жылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алу рәсімдерін бастап кетті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен мәлім етті.

3 қарашада дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша тендерге қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін ашу рәсімі өтті.

Тендер аясында тұрғындарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектер мен медбұйымдардың 484 ұстанымы көрсетілді. Бұлар вакциналар, туберкулезге қарсы препараттар, қант диабеті, вирусты гепатит және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге, яғни емі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін препараттар.

«СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсемгүл Ержанова сатып алынатын дәрі-дәрмектердің көлемін медициналық ұйымдардың өздері мәлімдегенін, ал тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер тізімін Денсаулық сақтау министрлігі бекіткендігін атап өтті.

«Бірыңғай дистрибьютордың бұл тізіміне,  әрбір препаратқа шекті сатып алу бағасы көрсетіле отырып,  барлығы 1137 дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары қосылды. 2018 жылға алдын ала берілген өтінімдер бойынша барлығы 178 млрд теңге көлемінде сатып алу жоспарланған. Қазір тендер жалпы сомасы 82,4 млрд теңгені құрайтын 489 атауларға жарияланды», - деп түсіндірді Әсемгүл Ержанова.

«Бірыңғай дистрибьютордың тізіміндегі қалған позициялар - бұл не қазірдің өзінде отандық фармацевтикалық өндірушілер өндіретін, олармен бізде ұзақ мерзімді шарттар жасалған, не Қазақстанда аналогы жоқ, олардан дәрі-дәрмектерді тікелей сатып алуды жоспарлап отырған шетелдік өндірістің дәрілік заттары», - деп толықтырды Әсемгүл Ержанова.

Енді Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті қызметкерлері, Бірыңғай дистрибьютордың қызметкерлері және денсаулық сақтаудың түрлі салаларының сарапшылары құрамына кіретін тендерлік комиссия 10 күн бойы әлеуетті өнім берушілерден келіп түскен тендерлік өтінімдерді зерттеп, олардың заңнама талаптарына, ал мәлімделген препараттардың - техникалық ерекшелік талаптарына сәйкестігі тексереді.

Комиссия өз ескертпелерін білдіргеннен кейін, әлеуетті өнім берушілердің бес күн ішінде оларды жоюға мүмкіндіктері бар. Бұл тендерлік процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Тек осыдан кейін ғана әлеуетті өнім берушілер бағаны төмендету аукционына қатысуға мүмкіндік алады және оның барысында ел ауруханаларына тегін дәрі-дәрмек жеткізетін фармкомпаниялар анықталады. 

Тендерге қатысу үшін барлығы 40 фармкомпания өтінім берді. Үрдістің ашықтығын қосымша қамтамасыз ету мақсатында тендерлік рәсімдерге қатысу үшін ІІМ, Бас прокуратура, ҚР ҰҚК, Есеп комитеті, «Нұр Отан» партиясы өкілдеріне шақыру жіберілді. ҚР ІІМ Медициналық ұйымдарының және бейінді қауымдастықтардың өкілдері рәсімдерге бақылаушы ретінде қатысуға келісті. Өтінімдерді ашу рәсімі «СҚ-Фармация» ЖШС сайтында және Фейсбук-аккаунтында онлайн режімде көрсетілді.

 

Соңғы жаңалықтар