Сирияның бомбалануына әлем қалай үн қатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирия нысандарына әуеден зымыран шабуылына әлем елдері жедел үн қатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, одақтас үш ел Сирия президенті Башар Асад күштері химиялық қару қолданды деп айып таққан болатын.

Кремль Ресей президенті Владимир Путиннің ресми мәлімдесін жария етті. Онда: «Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің санкциясынсыз, БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқық нормалары мен ұстанымдарын бұза отырып, терроризммен күрестің алдыңғы шебінде тұрған егемен елге қарсы басқыншылық әрекет жасалды», - делінген.

Ал IRNA хабарлауынша, Иранның Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдесінде АҚШ пен оның одақтастарының Сирияға шабуылын қатаң айыптап, мұндай басқыншылықтың бүкіл өңір мен әлемге теріс салдары болатындығын ескерткен. 

«Бұл басқыншылық халықаралық норма мен құқықтың ашық бұзылуы және Сирияның ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығын елемеу болып саналады», - делінген Иран СІМ мәлімдемесінде.

Ал «Анадолы» агенттігі Түркия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдесін жария етті. Онда Сириядағы операцияға қолдау білдіріліп, бұл 7 сәуірде Дума қаласына жасалған химиялық шабуылға жауап болғандығы аталып өтілген.

«14 сәуір күні таңертең Асад режіміне қарсы жасалған әскери операция адамзат ар-ұятының көрініс табуы болды», - делінген құжатта.

 DW таратқан ақпаратқа қарағанда, Германия Канцлері Ангела Меркель зымыран соққысы Сирия билігінің химиялық қару қолдану күдігіне жауап ретінде «қажет әрі негізді» болғандығын атап өткен. 

«Біз америкалық, британдық және француздық одақтастарымыздың жауапкершілікті өз мойындарына алу фактісін қолдаймыз. Әскер араласуы қажетті және негізді болды», - деп мәлімдеді Меркель.

Ал Қытай Сирияға қарсы зымыран шабуылына наразылық танытып, өзге елдердің егемендігін, тәуелсіздігі мен олардың аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырды.

«ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісінің хабаралуынша, ҚХР СІМ ресми өкілі Хуа Чуньин мәселені консультациялар арқылы халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешу керектігін атап өткен.

«Халықаралық қоғамдастық БҰҰ рөлін қолдауы тиіс. Химиялық шабуылға қатысты жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізу қажет», - дегі Хуа Чуньин.

Айта кетерлігі, БҰҰ Бас хатшысы да АҚШ, Франция және Ұлыбритания күштерінің Сирия нысандарына әуеден соққы жасағандығы туралы хабарламаларды жіті қарап отырған. Бұл жайында БҰҰ жаңалықтар орталығы таратқан оның арнайы мәлімдемесінде айтылған. Бас хатшының атап өтуінше, барлық елдер әсіресе бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына және халықаралық құқық ұстанымдарына сәйкес әрекет етуі тиіс. Оның айтуынша, бұл БҰҰ Жарғысында анық жазылған.

Сирия төңірегіндегі ахуалға байланысты ҰҚШҰ ұйымның тұрақты кеңесінің шұғыл отырысын шақырды.

Соңғы жаңалықтар