Сириядан оралған әйелдің лаңкестерге қатысы бар-жоғы тексеріледі - Бас прокуратура

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сириядан 4 баласымен оралған әйелдің лаңкестерге қатысының бар-жоғы тексеріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, Астанада заң ғылымының докторы, профессор Қалауша Бегалиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтуде. БАҚ өкілдері шараға қатысқан ҚР Бас прокурорының орынбасарына шарадан тыс бірқатар сұрақ қойды.

«Сириядан 4 баласы бар әйел елге оралған болатын. Оның террористермен байланысы бар-жоғына тексеру жүріп жатыр ма?», - деп сұрады тілшілер.

Осыған орай Андрей Лукин ол әйелдің міндетті түрде тексеруден өтетіндігін айтты.

«Біздің арнайы қызметтеріміз туындайтын қатердің алдын алу үшін сәйкесінше жұмыстар жүргізуді көздейді. Сіздердің сауалдарыңызға жауап берер болсам, арнайы қызметтеріміз міндетті түрде олардың жанжалдар аймағына, оның ішінде Сирияға өтуінің шынайы себебін анықтау үшін сәйкесінше шаралар жүргізеді. Азаматтарымыздың мұнан ары да соғыс ошақтарына кетуіне жол бермеу маңызды мәселелердің бірі», - деді ол.

Оның айтуынша, жанжал аймағында жүрген отандастарымыз елге оралуға  ниет білдіріп, жазбаша өтініш жасайтын болса, онда мемлекет қолдан келген шаралар қабылдайтын болады.

Естеріңізге сала кетсек, 14 қараша күні ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Сирияның жанжал аймағынан шығарылған Қазақстан азаматтары таяу күндері елге жеткізілетіндігін айтқан еді.

«Өздеріңізде білетіндей, кеше Шешен Республикасының астанасы Грозный қаласына Сирияда жанжал болып жатқан аймақтан құтқарылған бір топ адам жеткізілді. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да болды. Ол 1988 жылы дүниеге келген  Орал қаласының тұрғыны мен оның кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы. Оларды Грозный әуежайында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қызметкерлері  күтіп алды. Жақын арада олар Қазақстанға жеткізілетін болады», - деген еді ол.

Фото nurotan.kz

Соңғы жаңалықтар