Сирияда қазақстандық Әл-Фараби орталығының ашылуы бірнеше жылға созылып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық қаржыға салынған, ашылуға дайын тұрған Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталық Дамаскіде осымен бесінші жыл бойы қаңырап тұр. Бұл тарихи кешеннің тұрғызыла бастағанына 10 жылдан асып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кешен үш қабатты ғимараттан, мешіт, Әл-Фарабидің бейіті мен зиярат етіп келушілерге арналған орыннан, кеңселік және оқу аумақтарынан, кітапхана мен экспозициялық залдардан тұрады.




ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен уәде еткендей биыл нысанды пайдалануға беру мәселесіне нүкте қойылмақ. Кешен ведомствоның тұрақты түрде бақылауына алынған. Ол үшін ҚР МСМ-нің мәдениет және өнер департаментінің директоры Алмаз Нұразхан жауапты.

«Мен өткен жылы министрлікке келген уақытта бірнеше шешілмеген сұрақтар бар еді. Оның бірі - дәл осы Дамаскідегі кешеннің жұмысы болатын. Қазақстан мен Сирия арасында келісім болғандықтан, бұл өте маңызды сұрақ. Келісімге 2008 жылдың 21 қарашасында қол қойылды. Бұл - біздің Үкімет қаржыландыруға міндеттелген өте ауқымды жоба» - дейді А.Нұразхан.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары 2012 жылға дейін сәтті жүргізілген. Сол кездің өзінде кешеннің құрылысы аяқталып қойыпты. Келісімге сәйкес, орталық пен кесене жұмысы аяқталғаннан кейін Сирия Үкіметіне беріліп, музейдің одан кейінгі жұмысы бойынша қосымша келісімдер жасалуы керек еді. Жоспар бойынша, нысанды қолданысқа енгізу жағын сириялық тарап, ал Ұлы ойшыл туралы ақпараттар мен тарихи мәліметтерді жинау жұмысымен қазақстандық тарап айналысуы керек еді. Алайда 2013 жылы Сирияда қақтығыстар басталып кеткен.

«Екі жақты келісімге сәйкес, өткізу-қабылдау құжатына қашықтықта қол қойылған. Алайда Сирия Үкіметі нысанды қабылдаған жоқ. Себебі, онда Үкімет атаулының өзі жоқ еді. Сондықтан, біздің министрлік нысанды ресми тапсырылуына дейін сақтау туралы шешім қабылдады», - дейді департамент директоры.

Бірнеше жыл бойы ашылуға дайын орталық пен кесене сол күйінде тұр. Нысанды содан бері үш күзетші мен жауапты доктор Сулейман Зиада бақылап келеді. Олардың жұмысы үшін «Қазреставрация» РМК өз қаражатынан үш жыл бойы ақша төлеп келді.

«Заңды тұрғыда бұны дұрыс деуге келмейді. Неліктен біздің жұмысшылар тапқан ақшасын беруі керек. Бірақ, моральдық тұрғыда біз басқа қадамға бара алмадық. Адамгершілік тұрғысынан ойладық», - дейді Алмаз Нұразхан.

Осылайша, Сириядағы жұмысшылардың айлығы үшін 2014 жылы 2,8 млн, 2015 жылы 7,1 млн, 2016 жылы 1,9 млн теңге бөлінген. Өткен жылы күзетшілер мен доктордың ақша алуы тоқтап, Қазақстан орталық пен кесенені тастап кеткендей көрінген.

Анықталғанындай, «Қазреставрация» РМК ақша аударылып отырған компанияға қаражат жолдай алмай қалыпты. 2016 жылы ондағы компания тұрғылықты жерін ауыстырған. Сондықтан, «Қазреставрация» ақшаның жеткені немесе жетпегеніне көз жетпейтіндіктен, қаражат жолдауды тоқтатып қойған.

«Біз Қазақстанда сириялық диаспораның өкілі Самир Әли Дерехпен, қор директоры Сапар Ысқақовпен байланыстық. Олардың берген ақпаратына сәйкес, нысан әлі күнге дейін күзетіліп тұр. Жалғыз ғана тілектері - ақша төлеп беруді сұрап отыр. Олармен өткен жылдың желтоқсанында сөйлескендіктен, осы жылдың ақпан-наурыз айларында мәселе шешімін табар деп отырмыз (...) Соғыс жүріп жатқан елде бұндай мәселеге мән берілмейтіні анық. Сирия билігінің бізге өздерінің шығып отырғанын - біздің дипломаттардың сәтті жұмысының нәтижесі деген ойдамыз. Біз қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігімен бірігіп, күрделі жағдайдан лайықты түрде шыққымыз келеді. Орталықтың алдағы уақытта дамуына үміт артамыз», - дейді Алмаз Нұразхан.

Әл-Фараби орталығы мен кесенесінің ашылуы әлі де біршама уақытқа созылуы мүмкін. Орталық шамамен бірнеше айдан соң ашылып қалуы ықтимал.

Соңғы жаңалықтар