Сирия оппозициясы Ресей ұсынған Конституция жобасына наразы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу тарапы әзірлеген Сирия Конституциясының жобасы оппозиция өкілдерінің арасында қолдау таппады. Сонымен қатар көтерілісшілер кіші Буш әкімшілігінің Иракта жасаған қателігін Кремльге қайталамауды ескертті, деп жазады РБК.

Атап айтқанда, Астанадағы сирияаралық келіссөздер барысында Ресей тарапы ұсынған елдің Конституциясы жобасынан Сириялық оппозиция бас тартты. Бұл жайында Bloomberg келіссөздерде көтерілісшілер делегациясының мүшесіне сілтеме жасап хабарлады.

«Біз оларға (ресейліктерге) Сирияның Конституциясын тек біздің халық қана жазуға құқылы екенін қадап айттық. Иракта Пол Бермердің (2003-2004 жылдары Иракта президент кіші Джордж Буштың  өкілетті өкілі болды) тәжірибесі айтарлықтай түсінікті ғой, яғни өзге ел жазып берген Конституция жұмыс істемейді»,-деді Яхью әл Ариди  телефон арқылы берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол Мәскеу ұсынған қадамдардың толық мән-жайын айтудан бас тартты.

РБК-ға бұдан бұрын мәлім болғандай, Конституция жобасы сириялықтарға екінші мерзімге қайта сайлау мүмкіндігінсіз президентті жеті жылға сайлау ұсынысын қамтып отыр. Сонымен қатар құжат президент өкілеттігін қос палаталы парламенттің пайдасына қайта бөлуді ескереді. Ресей ұсынысында күрд автономиясын құру мәселесі де көтерілген екен.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы аптаның басында екі күн қатарынан Астанада сириялық мәселелер бойынша келіссөздер өтті. Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысты. Атап айтқанда, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарды. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі болды.

Соңғы жаңалықтар