Сирия мәселесі: Астана мен Женева келіссөздерінің айырмашылығы неде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында еліміздің бітімгерлік саясаты талқыға салынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы аясында қазақстандық дипломатияның маңызды бағыттары сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы Тимур Шаймергеновтың айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік алған бойда бітімгерлік саясатқа басымдық бере бастады. Ал Таулы Қарабах шиеленісі біздің алғашқы тәжірибеміз болды. «1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуымен Таулы Қарабахтағы атыс тоқтатылған болатын. Ол алғашқы тәжірибеміз еді. Мемлекет басшысы өзінің беделі мен дипломатиялық қарым-қабілетін пайдаланып, әскери қақтығысты тоқтатты. 2000 жылы Алматыда өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары ұйымының саммитінде Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс сәтті шешілді. Сол кезде екі елдің үкімет басшылары қаруды қолданбауға келісті. Одан кейін Иран бағдарламасы, Украина мәселесі, Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіс, Сириядағы қақтығыс - бәрін бейбіт жолмен шешуге күш салдық», - дейді Т.Шаймергенов.

Осы орайда ол шетелдік сарапшылардың «Сирия мәселесін реттеу бойынша Астана сияқты тағы процесті ашудың қажеті қанша? Ол үшін Женева бар емес пе?» деген сұрақтарын еске алып, аталған екі алаңның айырмашылығын түсіндіріп берді. «Астанада әскери қақтығысты емес, атысты тоқтату мәселесі шешілді. Ал Женевада Сирияның ішкі диалогын қалыптастыру, саяси жолмен ымыраға келу жайы қаралды. Сондықтан Астана өз миссиясын толығымен орындады деуге болады. Сириядағы атысты тоқтату бойынша бірнеше аймақ құрылды. Қазір процесс сәл-пәл шектен шығып кетті. Дегенмен, Астанадағы келіссөздер тиімді болды», - деп атап көрсетті Т.Шаймергенов.

Ал дипломатия академиясының директоры Әнуар Аязбеков Таулы Қарабах мәселесін шешу мәселесіне баса назар аударды. Оның ойынша, Қазақстанның әскери қақтығыстарды тоқтату саласындағы алғашқы тәжірибені әлі де зерттеу керек. Себебі ол жайында көп жазылған жоқ. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев Таулы Қарабах жерінде алғаш рет 1991 жылы қыркүйек айында Борис Ельцинмен бірге барды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы ол жердегі шиеленістің өзектілігін жете түсінді. Ал 1992 жылдан бастап Мемлекет басшысы Кавказдағы қақтығысты шешуге қатысты нақты тапсырмаларды бере бастады. Бітімгерлік миссия ұйымдастырылды. Шиеленістің ушығып тұрғанына қарамастан, Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесуге келісті. Сол жерде атысты тоқтату туралы келісім рәсімделді», - деді Ә.Аязбеков.

Соңғы жаңалықтар