Сингапурлық компания Ақтауға инвестиция салмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Сингапурдан келген әлемге белгілі «Мейнхард» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірдің дамуына сеп болар әріптестікке қолдау білдірді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Мейнхард» - дүниенің түкпір-түкпірінде зәулім ғимараттар салған, ірі жобаларға дем берген инжинирингтік компания. Бүкіл әлемде компанияның 45 кеңсесі мен 4 500 қызметкері жұмыс істейді. Қазақстан елінің әлеуетіне қызығушылық білдірген олар енді біздің елде 46-шы кеңсесін ашқысы келеді. Бұл ниетін «Мейнхард» компаниясының басқарма төрағасы Шахзад Насим аймақ басшысына жеткізіп, кәсіпорынның тарихымен, дамуы және мүмкіндіктерімен таныстырып, жүзеге асырған жобалары - Сингапур, Ұлыбритания, Үндістан, Африка және тағы басқа әлем мемлекеттерінің сәніне айналған ең биік ғимараттар, әуежайлар, мейманхана мен сауда орындар кешендері, ескерткіштер, көпірлер, нысандарды презентация арқылы көрсетті.

null    

«Маңғыстау - Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен модернизациясына елеулі үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Көмірсутек шикізатының және басқа да пайдалы қазбалардың үлкен қоры аймақтың дамуына ұзақ мерзімді перспективалар береді. Теңіздің болуы және біздің аймақтың бай мәдени, тарихи және рухани мұралары туризмді дамытуға және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

«Біздің компания Қазақстанда 2 жобаны жүзеге асырды. Олар «Әбу-Даби Плаза» және «Хан-Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының дизайны.  Компания медицина, Қорғаныс министрлігі және спорт ғимараттары және «ақылды қала» жүйесі бойынша жобаларды әзірлеуде», - деді Шахзад Насим.

Өңір басшысы компания өкілдеріне туризмді дамыту жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ мұнай-газ саласы мен IT-технологиялар саласындағы кадрлар даярлауға арналған оқу орталығын ашуға шақырды. Кездесу соңында әлемнің ең биік, зәулім ғимараттарын салған сингапурлық компания өкілдеріне бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін айтып, қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.

null 

Соңғы жаңалықтар