СІМ экономикалық дипломатияға барынша мән беретін болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық дипломатияны күшейту - бұл Сыртқы істер министрлігі барша жүйесінің аса маңызды мақсаты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің одан ары қарай жаңғыруының асқақ міндеттерін айқындап, біздің алдымызға өте маңызды бағыттарды белгіледі. Оларды іске асыруға экономикалық дипломатияны жандандыру қажеттілігін атап көрсетті. Тұтастай алғанда, сыртқы саяси ведомство Елбасы белгілеп берген өлшемдер аясында қызмет атқаруда. Біз аталған тапсырмаларды орындау бойынша белсенді жұмысты жүргізіп жатырмыз. Бірақ оны біз мойындауымыз керек, бұл салада кемшіліктер әлі көп»,-деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, сыртқы саяси ведомство мен оның шет елдегі мекемелері қызметінен экономикалық серпіннің артуы үшін қадамдарды қайта қарастыру қажеттігі бар.

«Осының барлығы Жолдауда айқын көрініс тапқан және биылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында да қадап айтылды. Экономикалық дипломатия, біздің қызметті экономикаландыру  - бұл Сыртқы істер министрлігі мен шет елдегі мекемелердің барша жүйесінің аса маңызды мақсаты»,-деп атап өтті Әбдірахманов.

Ведомство мәліметінше, 2016 жылдың қорытындысы бойынша ҚР СІМ мен шет елдердегі мекемелердің тікелей қатысуымен сауда-экономикалық және инвестициялық тақырыптарда 300-ден астам шара өткізілді. Осы ретте былтыр инвестиция тарту тұрғысында айтарлықтай өсім байқалды. 2016 жылдың 9 айындағы нәтиже бойынша шетелдік инвестицияның жалпы ағымы 2015 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 27,3 пайызға артып, 14,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы, 2005 жылдан бері елімізге 236 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды.

Соңғы жаңалықтар