ШЫҰ-ны ең салмақты диалог алаңы деп бағалауға болады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында белсенді іс-қимылдарды атқарып келе жатыр. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінгі таңда жадпы біздің аймағымызда қауіпсіздік саласында үлкен рөл ойнайтын фактор. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жетекші рөлдегі ұйымдардың бірі және Қазақстан мүше болғаннан бастап бұл ұйымда белсенді іс-қимылдарды атқарып келе жатыр. Біз үшін бұл тек қауіпсіздік саласында ғана емес, сонымен бірге экономикалық бағытта ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін үлкен алаңдардың бірі. ШЫҰ қатары кеңейгенін білесіздер, бүгінгі таңда әлемдік әрі Еуразияның ең ірі державаларын біріктіретін ұйым болып отыр. Себебі Қыйтай мен Ресейден бөлек, өткен жылы Үндістан да мүше болды. Жаңадан қосылған елдер (Үндістан мен Пәкістан) Қазақстандағы саммит кезінде мүшелікке кірді», - деп тоқталды сарапшы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Экономикалық әлеуеті мен саяси ықпалы бойынша ШЫҰ-ны Еуразиядағы ең салмақты диалог алаңдардың бірі деп бағалауға болады. Бұл тұрғыда Жұмабек Сарабеков Қазақстан болашағы үшін ШЫҰ аясында әрқашанда белсенді, конструктивті рөл ойнауға мән беріп отырғандығын атап өтті.

«Сондай-ақ біз бұл ұйымның барлық мүшелерінің мүддесін ескеріп, қауіпсіздік саласындағы, экономика саласындағы мүшелер арасындағы диалогтың күшейгенін қалаймыз. Сәйкесінше, осы бағыттағы жұмыстарға үнемі назар аударып жатырмыз», - деді ол.

Сарапшы, биыл маусым айында Циндао қаласында (ҚХР) ШЫҰ саммиті өтетінін еске салды. «Осы орайда қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінде міндетті түрде талқыланады. Яғни Таяу Шығыстағы мәселені ескерсек, одан бөлек Ауғанстандағы ішкі саяси жағдайдағы қиындықтарды назарға ала отырып, осы мәселе өзінің өзектілігін байқатып отыр. Сонымен қатар бүгінде әлемдегі сын-қатерлерге қатысты жаңа идеялар айтылады деген ойдамын. Мұнымен қоса, ұйымның экономикалық бағыты бойынша тың идеялар талқыланады және бұл жерде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ШЫҰ-ның ұстанып отырған экономикалық мақсаттарымен ұқсас. Осы орайда өзара қолдау көрсетілуі мүмкін», - деді Жұмабек Сарабеков.

Оның пайымынша, ШЫҰ негізінде Үнідістан пен Пәкістанның мүшелігін ары қарай кеңейту бойынша түрлі бастамалар айтылуы ықтимал. Одан бөлек, экономикалық бағытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ұштастыру тұрғысында пікірлер айтылып жатыр. Сондықтан осы бағытта да тиісті ұсыныстар жасалуы мүмкін.

Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығына тоқталған Ж. Сарабеков, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында да тату көрші елдерге тән байланыстар жалғасып келе жатқанын сөз етті.

«Екі саяси көшбасшы Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің стратегиялық деңгейіне үнемі екпін қойып отырады. Сондықтан екі ел мемлекет басшылары Астана мен Бейжің арасындағы диалогты күшейтуге нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, инвестицияны арттыру, Қазақстан тауарларын Қытай нарығына кеңірек шығару бағытында көптеген жобалар бар. Жалпы осы салада қос тарап та жұмыстарды жалғастыруға мүдделі болып отыр», - деп түйді сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың маусымында жаһан назарын Астанаға аударған айтулы шара - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті.

Сарапшылар «тарихи саммит» деп бағалаған ШЫҰ-ның дәл осы Астана саммитінде Үндістан мен Пәкістан елдері ұйымға толыққанды мүше болып қабылданды. Айта кетерлігі, қол қою рәсіміне Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди мен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Мухамад Наваз Шариф қатысты.

Соңғы жаңалықтар