Шымкенттің ұстаздары латын әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты ұсыныстарын жеткізді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің ұстаздары латын әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Білім саласы қызметкерлері бас қосқан семинарда латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тіл мамандарының сөзінше, бұл үлгінің тиімділігі диаграфтың болмауында. Яғни «бір әріп - бір дыбыс» талабы сақталады. Сонымен қатар, ұстаздар апострофпен жазу еш қиындық туғызбайды деп отыр.

«Тіл маманы ретінде әліпби ауыстыру мәселесіне бейжай қарай алмадым. Бұл - ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды оқиға деп санаймын. Сондықтан осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен, ерекше мән бере қарағанымыз жөн деп білемін. Латын әліпбиін үйреніп алу да аса қиындық туғыза қояды деп ойламаймын»,- дейді Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның мұғалімі Марфуға Әбутәліпқызы.

Аталмыш бастаманың қазақ тілінің дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты. Бұл басқосуға жиналған мамандардың пікірі. Өйткені латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түркі әлемімен байланысы одан әрі арта түседі.

«Бүкіл қоғам болып талқылап жатқан мәселеге жастардың айтқан ұтымды да тұщымды ойлары менің жаныма алаш рухын сезіндіргендей болды. Жалпы айтқанда, латын әліпбиіне көшу біздерді өркениетке жетудің тиімді әрі оңтайлы жолына жетелейтіндей көрінеді»,- дейді Төлеген Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гиназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күлмира Асанқызы.

Соңғы жаңалықтар