Шымкенттің әкімі қоғамдық көлікпен жүріп, көптеген мәселенің бетін ашты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Үш күн бойына жұмыс орнына қоғамдық көлікпен қатынап жүрген Шымкенттің әкімі бірқатар кемшіліктерді жайып салды. Ғабидолла Әбдірахымов ескірген аялдамаларды жаңартып, жолаушыны айқайлап шақыратын кондукторларға шара қолдануды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысының сөзінше, жолаушылар тасымалында тәртіпке көнбегендерді жазалу қажет. Бюджеттен қажетті қаражат бөліп, тозығы жеткен аялдамаларды мемлекет меншігіне қайтару керек. Өткен жылы Шымкентті «Лас- Вегасқа айналдырамын» деп күллі жұртты аузына қаратқан Ғабидолла Рахматоллаұлы осылайша қоғамдық көліктер жұмысын ретке келтіруге шындап кіріскен сыңайлы.

Оның сөзінше, халық саны миллионға жуықтаған қаланың аялдамаларында шетелдегідей шаһардың картасы мен қай бағытта автобустар қатынайтынын білдіретін кесте жоқ. Сондықтан бұл олқылықты ретке келтіру бөлім басшыларына тапсырылды. Ол үшін әкім жауаптыларға екі ай уақыт берді. Сондай-ақ, әрбір аялдамаға автобустың жақындағанын білдіретін құрылғы орнатуы керектігін атап өтті.

«Бұл жоба жүзеге асса, тұрғындар смартфонның көмегімен қоғамдық көліктің қозғалысын бақылай алады»,-деді әкім.

Жиында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев жолаушылар тасымалдайтын компания басшылары да жеке көліктерін тастап, өздері қызмет ететін бағыттарда автобуспен жүргенін айтты. Нәтижесінде олар да жұмыс барысындағы кемшіліктерді анықтауда екен.

Соңғы жаңалықтар