Шымкенттік бір топ әйел өздерінің жұмыссыз қалуына шенеуніктерді кінәлап отыр

None
None
  ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасы мүшелері бір сәтте өздерін жұмыссыздар қатарына қосқан шенеуніктерді кінәлап отыр. Олардың сөзіне қарағанда, Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері жоқты сылтау етіп, оларды күнкөріс көзінен айырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

null
Бұл дау осыдан бір апта бұрын басталған. Жұмыспен қамту орталығының арнайы жолдамасымен Шымкенттегі Абай ауданы әкімдігіне жұмысқа орналасқан бір топ әйел басшылықтың тапсырмасымен көше атауларын белгілеуге шығады. Түс ауа әкімдіктен келген тексерушілер олардың жүрген жерлерін анықтаудың орнына, "жұмысқа шықпады" деп шешім шығарады. Бұған  жұмысшы әйелдер біз жүрген жерлерде ұялы байланыс құрылғылары жұмыс істемегендіктен олар бізге хабарласа алмаған, сөйтіп сыртымыздан шешім қабылдай салған деп отыр. 

«Әкімдік қызметкерлері бізге хабарласып, сендерді жұмыстан шығарып жібердік. Енді жұмыс жасамайсыңдар деді. Істің ақ-қарасына көз жеткізбей, бізді оңай жұмыстан шеттетті»,- дейді жұмыссыз қалған Роза Нәбиева. 
null

«Абай ауданы әкімдігінің мамандары жұмысшыларды жұмысын уақытында тексергендігін айтты. Олар тексеру жүргізгенде жұмысшылар жұмыс орнында болмай шыққан. Әкімдік қызметкерлері осының негізінде акт толтырып, оларды жұмыстан шығарған. Мәселенің мәні осында», - дейді Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Фарида Бекішова.
null

Жұмыссыз қалған аналар өздерінің құқықтарын қорғау үшін қолдан келгеннен аянып қалғысы жоқ. Олар істің ақ-қарасын анықтау үшін еңбек инспекциясы мен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілден араша сұрап барған.
null

«Біз бұл мәселенің заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, тиянақты жауабын беретін боламыз. Егер аталған жағдайда жұмыс беруші яғни, Абай ауданы әкімшілігі тарапынан қандай да бір заң бұзушылық анықталатын болса, оған әкімшілік шара қолданылады», -  дейді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бастар Есқараев.

Жұмыссыз қалғандардың жайын естіген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыстарына атүсті қараған мемлекеттік қызметкерлерге тиісті шара қолданылатындығын жеткізді.
null

Соңғы жаңалықтар