Шымкенттен «Астана ЭКСПО - 2017» мотокеруені жолға шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттен «Астана ЭКСПО - 2017» мотокеруені жолға шықты. Байкерлер елорда төріндегі  халықаралық мамандандырылған көрмені қолдау мақсатында Астанаға барады. Оларды қала тұрғындары салтанатты түрде шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жоғары деңгейде өтуіне үн қоспақ ниетте Шымкент қаласынан 10 кәсіби байкер сапарға шықты. Олардың қатарына Голландия мен Франциядан келген екі байкер де қосылыпты. Шеруді облыстық мотоциклшілер федерациясы ұйымдастырған. Сапарын «Абай» саябағынан бастаған керуен Шымкент қаласының бірнеше көшесін аралап шықты. Оларды шығарып салу жиынында  Қазақстан халқы Ассамблеясының ОҚО бойынша филиалы өзбек және славян мәдени орталықтарының өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Сондай-ақ ЭКСПО - 2017 көрмесіне өңірден баратын ерікті студенттер де байкерлерге қолдау көрсетіп, жиынды көңілді ете түсті. Мотокеруен жетекшісі Рүстем Базарбековке еліміздің көк туы салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар, керуенге қатысушы байкерлерге ЭКСПО - 2017 көрмесінің төлтаңбасы мен «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығының аты жазылған тулар берілді.

«Мотоциклшілерді екі ай дайындадық. Әзірге Шымкенттен он мотоциклші шықтық. Бәрі - кәсіби байкерлер. Мотоцикл айдаумен  бес жылдан бері айналысып келеді. Олардың саны осымен ғана шектелмейді, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан да байкерлер қатарымызға қосылады», - дейді облыстық мотоциклшілер федерациясының төрағасы Рүстем Базарбеков.

Бұл мотошеру еліміздің 9 облысы мен 1 қаласын қамтиды. Атап айтсақ, ОҚО, СҚО, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, БҚО облыстары мен Астана қаласына дейін жалғасады. Ең алдымен  Түркістан қаласына қарай бет алған байкерлер кейін Қызылорда, Ақтөбе қалаларына жетіп, жеті мың шақырым жол жүрмекші. Астана қаласына табан тіреп, көрменің ашылу салтанатына қатысады деп күтілуде.

null

Соңғы жаңалықтар