Шымкенттегі өрт кезінде 550-ге тарта адам қауіпсіз жерге көшірілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі өрт кезінде 550-ге тарта адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт болған нысандардың жанындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары мен кәсіпкерлік нысандардың қызметкерлері құтқарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісовтың мәліметінше тілсіз жау «Алтын ана» тойханасының шатырынан шыққан.

«2018 жылы 28 қаңтарда сағат 15:13-те Шымкент қаласында Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан «Алтын Ана» тойханасының төбесі және оған жапсарлас салынған бір қабатты ғимарат өртенді. Жалын ауданы 545 шаршы метрді шарпыды. Оны өшіруге төтенше жағдайлар қызметінің 76 өрт сөндірушісі мен 10 арнайы техникасы жұмылдырылды. Өрт сағат 15:50-де ықшамдалып сағат 17:08-де толық сөндірілді» делінген Облыстық ТЖД таратқан хабарламады.
null 

Ал, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлауынша, өрт болған аумақта барлық қауіпсіздік шаралары жүргізілген. Оқиға орнына Еңбекші аудандық ішкі істер қызметкерлері жетіп, сол маңдағы көпқабатты №1, 2, 3, және 18 үйдің (әрқайсысында 90 пәтерден бар-авт.) 550-ге тарта тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ, ішкі істер қызметкерлері 5 дүкен мен 1 дәмхана, 1 ломбард және 1 емдеу мекемесінен адамдарды сыртқа шығарды. Өйткені бұл нысандар да өрт болған жерге жақын орналасқан. Оқиға орнындағы екі көлік те басқа жаққа қойылды.
null 

Еске салайық, бүгін қаладағы «Алтын ана» тойханасынан өрт шыққан болатын. Тілсіз жау сол ғимараттың маңындағы құрылыс дүкенін де шарпыған. Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан тойханадағы жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілер мен арнайы техника жұмылдырылды. Көмекке тағы төтенше жағдайлар қызметкерлері жетті. Бастапқы мәлімет бойынша өрттен зардап шеккендер жоқ. 
null 

Соңғы жаңалықтар