Шымкенттегі өндіріс орнында екі жұмысшы зардап шекті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте өндіріс орнындағы екі жұмысшының үстіне темір құлап кеткен. Жарақат алғандар жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Өңірдің еңбек инспекция басқармасы берген мәліметке сай оқиға кеше түнгі ондар шамасында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, Тассай елді мекеніндегі «Нұр Строй» ЖШС базасында жұмысшылар түнгі кезекшілікке түскен. Сол кезде екі жұмысшының үстінен темір құлап кетеді. Оқиға орнында болған темір ұсталарының екеуі де ауыр жарақаттанған. Жедел жәрдем қызметі берген хабарламаға сәйкес, бірінің екі аяғы сынып, жабық жарақат алса, екіншісінің жамбасы мен оң аяғына зақым келген. Оның да аяғы сынып кетіпті. Шақырылған жедел жәрдем қызметі екеуін де ауруханаға жеткізген.

«Қабылдау бөліміне түнгі он бірлер шамасында 60 және 61 жастағы науқас келіп түсті. Олардың өндірістік жарақат алғаны белгілі болды. 60 жастағы жұмысшының алған жарақаты ауыр болған соң жансақтау бөліміне жатқызылды. Екінші науқас та жарақат бөліміне жатқызылды. Оның екі аяғы сынған. Зардап шегушілердің қазіргі жағдайлары қалыпты, тиісті ем қабылдауда», - деді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Асқар Әбдімәуленов.

Өңірдің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бастар Есқараев тиісті тексерулер тағайындалып, жұмысшылардың қандай жағдайда жарақат алғаны анықталатынын айтты. Сондай-ақ ішкі істер қызметкерлері ауруханада жатқан жұмысшылардан жауап алуда.

Соңғы жаңалықтар