Шымкенттегі қылмыс әлемінің серкесі Рафаэль Биікбаев Ресейде ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі қылмыс әлемінің серкесі Рафаэль Биікбаев Ресейде ұсталды. Ол бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында бопсалаумен және рейдерлікпен айналысқаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ІІМ хабарлауынша, шымкенттік қылмыс әлемінің серкесін 16 қыркүйекте Қазақстан мен Ресей ІІМ қызметкерлері бірлесіп қолға түсірген. Рафаэль Биікбаев Мәскеу облысындағы Раменский ауданында Қырғыз Республикасының азаматы екендігін анықтайтын жалған паспортпен ұсталған.

Белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес жөніндегі басқарма қызметкерлері 2016 жылдың қазан айынан бері бұған дейін есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін бірнеше рет сотты болған қылмыс әлемінің «авторитеті» Рафаэль Биікбаевтың басшылық еткен қылмыстық тобын тексерген. Биікбаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ облыс аумағында бопсалаумен және рейдерлікпен айналысқан болып шықты.

Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында полиция қызметкерлері Оңтүстік Кореяның жәбірленуші азаматын анықтайды. 2014 жылы шикізат өңдеу фабрикасын салып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан шетел азаматы Биікбаевтың қылмыстық тобынан жәбір көргенін жеткізіпті. Оның сөзінше қылмыс әлемінің серкесі қорқыту, бопсалау және шантаж арқылы фабриканы өз мүшелерінің бірінің атына жаздырып алыпты. Ал маусым айының соңында Шымкенттің полицейлері Бикбаевқа қарасты қылмыстық топтың 9 мүшесін бір уақытта ұстаған. Қолға түскендерден жауап алу барысында олар өз қылмыстарын мойындап, Биікбаевқа қатысты Корея азаматының фабрикасын заңсыз алып қою дерегі бойынша куәлік берген.

Бұдан бөлек, Бикбаевтың топ болып, зорлық көрсету, бұзақылық жасау жолымен бірнеше рет бопсалау қылмысына қатысы бар екені анықталған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары Биікбаевқа мемлекетаралық іздеу жарияланған. Ол Мәскеу облысындағы Раменский ауданында жалған төлқұжатпен ұсталды. Қазіргі таңда қылмыскерді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар