Шымкенттегі цифрландыру оқушылардың үлгерімін 10 пайызға арттырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте білім беру процесін цифрландыру оқушылардың оқу үлгерімін 10 пайызға арттырды. Бұл туралы бүгін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған конференцияда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде нақты жоспар бар, сондықтан да жыл соңына дейін қалаларды цифрлық білім беру жүйесімен қамту ескерілген. Бұл тұрғыда оқу үлгерімін арттыруға мүмкіндік беретін тетіктерді ата-аналарға және балаларға беру жоспарланған. Осы орайда, нақты жетістер бар. Мәселен, Шымкенттегі қанатқақты жоба аясында қызықты фактілер тіркелді. Процестерді цифрландыру арқасында оқушылардың мектепке бару үлесі еселеп артты. Бұған дейін мұндай проблема болған еді. Кей кездері балалар 22 мың сағат көлемінде оқуға бармайтын. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш өзгеріп, 2 мың сағатқа дейін төмендеді. Яғни, цифрландыру мүмкіндігімен ата-аналар баласының мектептің орнына киноға немесе басқа жерге барғанын біле алады. Сәйкесінше, тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік алады. Бұл бағыттағы қадамдар нақты осы өңірде оқу үлгерімін 10 пайызға жақсартуға жол ашты. Сондықтан да бұл жұмыстарды әлі де пысықтаймыз», - деді Жұмағалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған конференция барасында «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникация холдингінің басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы ішкі өнімге әсері туралы айтқан болатын. 

Бүгінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 10 пайызды құрап отыр, алайда бағдарлама аясында оның деңгейін 35 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар