Шымкенттегі атыстан қаза тапқан оқушының мәйіті бүгін үйіне жеткізілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі атыстан қаза тапқан оқушының мәйіті бүгін үйіне жеткізілді. Марқұмның туыстарының сөзінше оқ атқандар сол маңдағы тұрғындарды да мерт қыла жаздаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, 14 жастағы Жамал Асланов Ленгір қаласындағы көмекші мектеп-интернатында білім алған. Ал мереке күні Ворошиловка елдімекеніндегі нағашы әжесінің үйіне барыпты.

«Ленгір көмекші мектебінде жетінші сыныпта оқитын. Осы 8 наурыз мерекесі қарсаңында әке-шешесі келіп алып кеткен. 9 наурыз күні жанындағы екі бала келді де, ол келмей қалды. Жалпы, ол мектепте біреумен сөзге келмейтін. Не де болса осы маңнан шығып отыр ғой», - дейді Ленгір көмекші мектеп-интернатының директоры Бахытжан Аманжолов.

Ал қаза тапқан баланың туыстары болса суық қарумен оқ жаудырғандар көрші ауылдан келгенін айтады.

«Олар «Бірінші мамыр» елдімекенінен  келіп, біздің балаға тиіскен. Мазарат жақтан төртеу болып келіп, қайсысын ұрайық деп сұраған. Кейіннен винчестермен атқан бұларды. Сонда тұрған келінді де атпақшы болған. Ол өлген баланың артына бұғып қалған. Кейін аяды ма, әйтеуір ол тірі қалды. Үшеуін атып кетті. Жарақат алғандар да туыстарымыз. Менің немерем»,- дейді қаза тапқан оқушының нағашы әжесі.

Қалай болғанда да жеткіншектің ағайындары баланың өліміне кінәлілердің тиісті жазасын алуын сұрап отыр. Ал оқиға орнында қоғамдық тәртіпті бақылау күшейтіліп, оған арнайы жасақ сарбаздары жұмылдырылған.

Еске салайық, кеше түс ауа Шымкенттің іргесіндегі Ворошиловка елді мекенінде атыс болып, үш адам зардап шеккен болатын. Оның ішінде 14 жастағы жасөспірім ауруханаға барар жолда жан тәсілім етті. Ал, бүгін таңертең осы қылмысқа қатысы бар деген күдікті Жамбыл облысы, Қордай ауданында қашып бара жатқан жерінен қолға түсті. Оның үш сыбайласы әлі іздестіріліп жатыр. Өңірдің полицейлері осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Қасақана кісі өлтіру» бабымен іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.

2 3 4 

Соңғы жаңалықтар