Шымкентте жол бойына түсіп қалған 200 мың теңге иесіне қайтарылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жол бойына түсіп қалған 200 мың теңге иесіне қайтарылды. Жоғалған ақшаны жергілікті тұрғын тауып алыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Астаналық жігіт Назар Мұхаметқалидың сөзінше ол жуырда Шымкентке қоныс аударған. Түс ауа қаладағы сұлулық салонының біріне барып, шаш қысқартқан. Сол жерден шығып үйіне оралдым дейді. Жолай әмиянын жоғалтып алғанын үйіне келгенде бір-ақ біліпті.
«Шаштараздан асығып шыққан едім. Жолда кетіп бара жатып ақшам түсіп қалған екен. Әмиянымда отбасымыздың қажеттілігіне деп жинаған 200 мың теңгем болатын. Ақшамды жоғалтқанымды үйге келгенде білдім. Ондай көп ақшаны кім қайтарар дейсін деп ойладым да іздемедім. Іштей қынжылып, әйеліме де қалай айтарымды білмедім»,- дейді Назар Мұхаметқали
«Бұйырған кетпес» дегендей арада алты сағат өткенде астаналық жігітке шаштараздың қызметкерлері хабарласқан. Олар әмиянның табылғанын айтып, алып кетуін өтініпті. Мұндай жаңалықты күтпеген Назар Мұхаметқали айтқан жерге барып, ақшасын алғанын айтады.
«Мен шаштараздан шыға берісте түсіріп алған теңгемді бір бойжеткен тауып алыпты. Ол ары-бері қарап жоғалтқан адамды таппаған соң, сол жердегі сұлулық салонына апарып берген. Шаштараз қызметкерлері болса бейнебақылау камералары арқылы мені тауып алды. Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Барлықтарына алғысым шексіз»,-дейді әмиянның иесі.

Соңғы жаңалықтар