Шымкентте үйінді астындағы жұмысшыларды шығарған құтқарушы ауруханаға жатқызылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте үйіндінің астында қалып қойған жұмысшыларды аршып алған құтқарушы ауруханаға жатқызылды. Қазір дәрігерлер Мұхит Ибрагимовтің жағдайының қалыпты екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Науқас Мұхит Ибрагимов түскен кезінде рентген, компьютерлік тамография жасалып, нақты диагнозы анықталды. Оның бел омыртқаларына зақым келген, ісінген. Жалпы жағдайы орташа. Емін қабылдап жатыр. Әзірге көп қимылдауына болмайды. Бірақ алдағы уақытта жүріп кетеді»,- дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігер-травматологы Нұрлан Қожамбеков.

Ал, кәріз құбырын тартамыз деп үйіндінің астында қалған 4 жұмысшы жедел жәрдем ауруханасында алғашқы медициналық көмек алып, түнгі он бірлер шамасында үйлеріне қайтарылған. 25 және 29 жастағы төрт жұмысшы өз үйлерінде ем қабылдайды.

Еске салайық, күні кеше Шымкенттің Тастақ көшесінде 4-5 метрлік тереңдікте жер қазып, кәріз құбырларын тартып жатқан «Югсантехмонтаж» серіктестігінің 4 жұмысшысын топырақ басып қалған болатын. Біраз уақыт бойы үйінді астында қалғандарды жанындағылар шығара алмаған соң, құтқарушыларды шақыртқан. Оларды үйіндіден шығарып алуға 9 құтқарушы мен 2 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде түрлі жарақат алған төртеуді жедел жәрдем қызметі алып кетті. Дәрігерлер сондай-ақ жұмысшыларды құтқаруға келген құтқарушылардың бірін де ауруханаға жеткізді. Құтқару шаралары кезінде оның да үстіне топырақ құлап, орта дәрежеде жарақат алған. Қазір өңірдің төтенше жағдайлар қызметі мен еңбек инспекторлары болған оқиғаның мән-жайы мен себеп-салдарын анықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар