Шымкентте оқушылар үшін «Жас мемлекеттік қызметші» жобасы жүзеге асырылуда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің әкімдігі «Жас мемлекеттік қызметші» атты ерекше жобаны қолға алды. Жобаға сәйкес қала мектептерінің оқушылары екі күн бойы қала әкімінің жұмысымен танысып, алып шаһарды басқару ісіне қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктегі жұмысты оқушылар шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаевпен кездесуден бастады. Өзара пікір алмасып, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Естелік суретке түсуді де ұмытпады.

«Мемлекеттік қызметкердің жұмысы оңай емес. Мен Сіздердің әкімдіктегі нақты жұмыспен жақын танысқандарыңызды қалаймын. Кейін достарыңыз бен жақындарыңызға айтып жүресіздер. Олар да қалалық әкімдіктің жұмысы туралы хабардар болсын»,- деді кездесу барысында Нұрлан Сауранбаев.

Бұдан соң оқушылар мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бірлесіп атқарып көрді. Жобаға қатысушылардың бірі қала әкімінің жанында жүрсе, қалған жасөспірімдер әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, бөлім жетекшілері мен депутаттардың рөлін атқаруда. Олар бүгін күні бойына өздері таңдаған мемлекеттік қызметкерлермен бірге болып, қызметтерімен танысады. Шымкентте алғаш рет қолға алынған жобаның мақсаты - әкімдіктің жұмысын ішкі жағынан көрсету ғана емес, жастарға мамандық таңдауда көмектесу болмақ.

Соңғы жаңалықтар