Шымкентте мереке күні 114 тұрғынға пәтер кілті табысталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Бүгін Шымкенттегі  Наурыз алаңы нағыз этноауылға айналды. Мерекелік іс-шараны тамашалауға келген қонақтар ұлттық тағамнан дәм татып, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарада аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев  облысқа еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды «Облыстың Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. «Нұрлы  жол» бағдарламасы аясында салынған әкімшілік іскерлік орталығындағы көпқабатты үйден 114 тұрғынға пәтер кілттерін табыстады. Осылайша Ұлыстың ұлы күнінде баспаналы болған отбасылар қуанышқа кенелді.

«Наурыз мейрамы - табиғаттың тылсым құдіреті күн мен түннің теңесер сәтіне тұспа-тұс келгенімен ерекшеленеді. Наурыз - ежелден жаңа мен жақсының, мейірім мен шапағаттың, әдеп пен имандылықтың бастауы болып отырған. Бұл күн - жаңару, жасару кезеңі. Ұлыстың ұлы күні дәл бүгін отызыншы рет тойланып отыр. Бұл - Тәуелсіздігіміздің, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының жемісі. Біздің қасиетті оңтүстік жеріне көктем ерте келеді. Сондықтан да оңтүстік жұрты бұл мерекеге ерекше ықыласпен дайындалады. Ұлыстың Ұлы күнінде, Қыдыр дарыған қадір таңында тілеген армандарымыз орындала берсін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

null  Мерекелік шара  «Шаттық», «Айгөлек» би ансамбльдерінің  "Көктем Оңтүстіктен басталады" атты хореографиялық қойылымымен жалғасты. Сахнада көктемге арналып "Айтыс" музыкалық нөмірі көрсетілді. Оңтүстік халқын ұлық мерекемен құттықтап, елімізге белгілі "Ұлытау", "Алашұлы", "Өркен" сынды ұжымдар әннен шашу шашты. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

nullАл, кешкісін Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара басталады. Мерекелік концерт Қазақстанның эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуімен жалғасады деп күтілуде. Шара соңы  мерекелік отшашумен аяқталмақ.

Соңғы жаңалықтар