Шымкентте мемқызметшілердің жұмыс сапасы бақылауға алынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте 5 бірдей Халыққа қызмет көрсету орталығына шағым жәшіктері орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жұмысқа ұйытқы болған - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы. Оның мақсаты мемлекеттік қызметшілердің этикасы мен қызметтердің сапасын арттыру болып табылады.

Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері  шаһардағы ХҚО-ларда аптасына бір күн «Азаматтарды қабылдау» шарасын өткізетін болады. Қызмет алушының құқықтары бұзылған жағдайда арыз-шағымдарды қабылдап, кеңес береді. Шағым жәшіктеріне келіп түскен арыздарды тиісті органдарға жолдап, мән-жайды анықтауға көмектеседі.

Әзірге бұл жоба  тек Шымкенттегі орталықтарда іске асырылуда.  Мемлекеттік қызметшілер тарапынан сапасыз қызмет алған аудандар мен шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары осында келіп, арыздана алады. Бұл іс тиімділігін дәлелдесе, аудан орталықтарында осындай шағым жәшіктерін орналастыру жоспарлануда.

 

Соңғы жаңалықтар