Шымкентте мектеппен қоштасу кештерін өткізуге тыйым салынды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте мектеппен қоштасу кештерін өткізуге тыйым салынды. 25 мамырда өтетін мектеп бітірушілердің «Соңғы қоңырау» күніне орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше тәртіппен жұмыс істейтін болады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ұйымдастырумен өткен мәжілісте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу жылын аяқтауға қатысты басқосуға прокуратура, жергілікті полиция қызметкерлері және қаладағы мектеп басшылары түгел қатысты. Жиында алдымен оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы пысықталып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жылда соңғы қоңыраудан кейін түлектер қымбат көліктер жалдап, мейрамханалар мен қала сыртындағы саяжайларда атап өтуі дәстүрге айналдырғаны белгілі. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын ескерген жауапты мамандар биыл кемшіліктерді болдырмау мақсатында барлық мүмкіндіктерді қолға алмақшы.

«Мектеп басшыларына оқушылардың автокөлік шерулерін ұйымдастырып, мектептен тыс орындарда кеш жасауына жол бермеу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, түсіндіру шараларын жүргізу қажет. Өйткені, балалардың қауіпсіздігі баршамыз үшін маңызды», - деді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева.

Сонымен қатар мектеп директорларына 1, 4, 9 және11 сынып оқушыларының басшылыққа, сынып жетекшісіне бағалы сыйлық жасауына тыйым салу жүктелді. Білім бөлімінің басшылығы мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинауына жол берілмейтіні ескертілді. Жиналысқа қатысқан Еңбекші ауданының прокуроры бұл күні қаладағы жағдай қадағалаушы орган тарапынан қатаң бақылауға алынатынын айтса, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілі арнайы мобильдік топ құрылатынын жеткізді. Әсіресе, Ташкент тасжолы, Бәйдібек би даңғылы және дендросаябақ аумағы бақылауға алынатын болды.

Айта кетейік, барлық білім ұяларында «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы Астананың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі - Астана» тақырыбымен өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар